KZTO 809,55 (-0,24)
KASE «ҚазТрансОйл» АҚ акциялары 809,55 (-0,24)

«ҚазТрансОйл» қызметкерлері «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Спартакиадасында үздік нәтиже көрсетуде

 22.07.2025    11
Ақтау қаласында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компаниялар тобы қызметкерлері арасында өтіп жатқан дәстүрлі Спартакиадада «ҚазТрансОйл» командасы бірнеше спорт түрінен жүлделі орындарға ие болып, үздік нәтижелер көрсетуде.
Садақ атудан әйелдер арасындағы жарыста Маңғыстау мұнай құбыры басқармасына қарасты «Жетібай» мұнай айдау станциясының технологиялық қондырғылар операторы Қаракөз Қилыбаева 80 ұпай жинап, нысанаға бірнеше мәрте дәл тигізіп, 1-орынға ие болды. Айта кетейік, бұл — әріптесіміздің аталмыш сайысқа алғаш рет қатысуы.
Әйелдер арасындағы қол күресі бойынша да қос жеңіс әріптестеріміздің еншісіне жазылды. 65 келіге дейінгі салмақта Батуми теңіз портының әкімшілік бөлімінің хатшысы Шорена Девадзе жеңімпаз атанса, 65 келіден жоғары салмақта Маңғыстау мұнай құбыры басқармасына қарасты орталық зертхананың химиялық талдау лаборанты Елена Буркальцева топ жарды.
Жезқазған мұнай құбыры басқармасына қарасты «Құмкөл» бас мұнай айдау станциясының химиялық талдау лаборанты Томирис Марғарапова әйелдер арасындағы үстел теннисінен өткен тартысты бәсекеде қарсыластарынан оза шауып, бас жүлдені қанжығасына байлады.
Биылғы жарысқа «ҚазМұнайГаздың» 30 еншілес және тәуелді ұйымынан 700-ден астам қызметкер қатысуда. Олардың қатарында «ҚазТрансОйл» АҚ атынан 71 қызметкер компания намысын қорғап жатыр. Қатысушылар шағын футбол, волейбол, баскетбол, үстел теннисі, садақ ату, шахмат, киберспорт, жүзу, тоғызқұмалақ, арқан тарту, қол күресі және асық ату сияқты спорт түрлері бойынша бақ сынауда.
Реакция:
Серiктестер