KZTO 829,00 (-0,67)
KASE «ҚазТрансОйл» АҚ акциялары 829,00 (-0,67)

«ҚазТрансОйл» АҚ «Шағыр» МҚП еңбек жайлылығы мен қауіпсіздігін арттыруда

 14.11.2025    96

Жұмысшылар үшін заманауи әрі қауіпсіз өндірістік орта қалыптастыру бағдарламасы аясында «ҚазТрансОйл» АҚ Шымкент мұнай құбыры басқармасына қарасты «Шағыр» мұнай құю пунктінде (МҚП) жаңа әкімшілік-тұрмыстық кешеннің (ӘТК) құрылысын аяқтады.

Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың қаңтар айында басталған болатын. Жалпы ауданы 1243 м² жертөлесі бар екі қабатты бұл заманауи ғимарат вахталық әдіспен жұмыс істейтін 25 қызметкерге арналған. Жобалау кезінде эргономика, қауіпсіздік және еңбек жайлылығы мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді – бұл «ҚазТрансОйл» АҚ корпоративтік мәдениетінің маңызды құрамдас бөлігі.

Жаңа ӘТК тиімді жұмыс пен толыққанды демалыс үшін барлық қажетті жағдайлармен жабдықталған: мұнда демалыс бөлмелері, душ, асхана, жаттығу залы, оқу сыныбы және инженерлік-техникалық қызметкерлерге арналған кабинеттер бар. Заманауи желдету, жылыту, байланыс және автоматтандыру жүйелері қызметкерлердің жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Осы жылдың қыркүйек айында «Шағыр» МҚП-да аумағы 648 м² футбол, волейбол және баскетбол ойнауға арналған спорт алаңы ашылған болатын.

Жаңа әкімшілік-тұрмыстық кешеннің пайдалануға берілуі персоналдың еңбек жағдайы мен тұрмыс деңгейін айтарлықтай жақсартты. Жоба «ҚазТрансОйл» АҚ-ның өндірістік нысандар инфрақұрылымын жаңғырту бойынша жүйелі жұмыстарының бір бөлігіне айналды.

2024-2025 жылдары «ҚазТрансОйл» АҚ жалпы ауданы 10 274 м² әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың құрылысын және күрделі жөндеуін жүзеге асырды («Сай-Өтес» МҚБ, «Екібастұз» МАС, «Әлібекмола» БМАС, «Шолаққорған» БМАС, «Прорва» МАС, «Қаражанбас» МАС, «Шағыр» МҚП, Ақтөбе МҚБ өндірістік базасы, «Аман» МАС, «Мұнайтас» СБҚК ЖШС).

Компания сонымен қатар отандық тауар өндірушілерді (ОТӨ) тұрақты түрде қолдайды: нысандарды салу кезінде блокты-модульдік құрылымдар, жабдықтар мен материалдардың қазақстандық өндірісі қолданылады. Бұл мерзімді қысқартуға және орындалған жұмыстардың сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Одан бөлек, 2025 жылы жалпы ауданы 1944 м² болатын үш әмбебап спорт алаңының құрылысы да аяқталды – олар «Шағыр» МҚП, МАС-3 және «Әлібекмола» БМАС аумақтарында орналасқан.

Аталған жобалар қызметкерлердің әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыруға, корпоративтік инфрақұрылымды дамытуға және құрылымдық бөлімшелерде қолайлы өндірістік орта қалыптастыруға бағытталған. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да белсенді түрде жалғасады.

Серiктестер