Атырау МҚБ Н. Шманов атындағы мұнай айдау станциясының тауар операторы Парасат Шарипов Атырау облысында өткен волейбол лигасында бірінші орынға ие болып, күзгі лиганың MVP (Most Valuable Player) - «ең үздік ойыншысы» атанды. Бұл оның спорттағы кезекті жетістігі.
Парасат Шәріпов бала кезінен волейболға құмар болды. Тұрақты дайындықтың арқасында аудандық және облыстық жарыстарда жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Кейін оны «Атырау-2» командасына шақырып, кәсіби спорттық мансабын осы жерде бастады.
Әріптесіміздің спорттағы жетістіктері көңіл қуантады. Ол бірнеше мәрте Қазақстан чемпионатын, Қазақстан Кубогын және Қазақстан Суперкубогын жеңіп алды, сондай-ақ күміс және қола медальдарға ие болды. Парасат бірнеше рет үздік ойыншы болып танылды, ал Қазақстан Республикасының спорт шебері атағы оның жоғары спорттық шеберлігін растайды.
Айта кетейік, әріптесіміз клубтар арасындағы Азия чемпионатында ел намысын қорғап, халықаралық аренада Қазақстанның абыройын көтерді. Сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және «Самұрық-Қазына» АҚ спартакиадаларында «ҚазТрансОйл» командасының сапында бірнеше рет өнер көрсетіп, команда чемпиондық атаққа ие болды, ал П. Шәріпов үздік ойыншы атанды.
Тәжірибелі волейболшы ретінде ол «Атырау-2» командасының жас спортшыларына өз білімін үйретіп, жаттықтырушы қызметіне ауысты.
Парасат Шәріпов – мұнай саласының білікті маманы ғана емес, сонымен қатар волейбол спортының дамуына сүбелі үлес қосып, кәсіби жұмысын корпоративтік спортты дамытуымен ұштастырып жүрген дарынды спортшы.
.jpeg)