Биыл талай компания елеулі қиындықпен бетпе-бет келді. Мұны «ҚазТрансОйл» АҚ да бастан кешіп отыр. Айталық, компания жыл басынан бері өндірістік жұмыскерлер жалақысы деңгейінің және қызмет көрсетуші компаниялар жұмысына ақы төлеу шығындарының өсуіне байланысты шығыстардың жоспарланбаған өсуіне тап болды. Геосаяси өзгерістер магистральдық мұнай құбырлары жүйесінің сенімді жұмысына теріс әсер етті, күрделі қаржылық салымдар көзделген жобаларды іске асыруға қажетті сырттан әкелінетін материалдар мен жабдықтар құны және оларды жеткізу нарқы да артты. Аталған қиындықтар бірінен соң бірі тізбектеліп, түптеп келгенде компанияның қаржылық нәтижелеріне әсерін тигізбей қоймады.
«ҚазТрансОйл» АҚ-ның 2022 жылдың бірінші жартыжылдығындағы шоғырландырылған таза табысы 15,8 млрд теңгені құрады. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 18 млрд теңгеге немесе 53 пайызға төмен. Құмкөл кен орындарында мұнай қорының сарқыла бастауына байланысты оны өндіру көлемінің барған сайын қысқара түсуі салдарынан біздің компанияның мұнай құбырлары жүйесі бойынша мұнай айдау көлемі де азаюда. Дегенмен «ҚазТрансОйл» АҚ жыл қорытындысы бойынша жоспарлы көрсеткіштерді орындауға және қалайда оң қаржылық нәтижелерге қол жеткізуді көздеп отыр. Алдында аталған уәжді себеп-салдарларға байланысты ол нәтижелер 2021 жылғы көрсеткіштерден, әрине, біршама төмен болмақ.
Компания осындай күрделі жағдайда өзінің ұзақмерзімді қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын сақтау үшін қажетті шараларды іске асыруда. Бұл ретте магистральдық құбырлар жүйесі бойынша мұнай тасымалдау көлемі мен жүк айналымын ұлғайту, мұнай тасымалдау тарифтерін арттыру бойынша мүмкін ықпалды іс-қимылдар ойластырылды. Мысалы, биылғы 1 маусымнан бастап «ҚазТрансОйл» АҚ-ның магистральдық құбырлары арқылы экспорт мақсатында мұнай айдау қызметіне тариф 20 пайызға өсті. Ал 1 қыркүйектен Қазақстанның ішкі нарығына компанияның мұнай айдау бойынша реттеліп көрсетілетін қызметіне 1 тонна үшін 1 мың километрге 4 328,04 теңге мөлшерінде уақытша өтемдік тариф қолданыла бастады. Бұған дейін биылғы
1 қаңтардан бері 1 мың километрге 1 тонна үшін 3 728,82 теңге мөлшерінде уақытша өтемдік тариф қолданылып келген еді. 2023-2025 жылдары мұнай жеткізу тарифі тоннасына 1 мың километрге 4 355, 57 теңге деңгейінде болуы көзделіп отыр.
Компания өз қызметтерінің жаңа тұтынушыларын тарту және мұнай тасымалдау бағыттарын әртараптандыру бойынша да жұмыс істеп жатыр. Атап айтқанда, Ресей мұнайын ел аумағы арқылы Қытайға жылына 10 млн тонна көлемінде тасымалдау туралы шартты 10 жылға ұзартуға өзара келіссөздер жүргізіледі. Сонымен қатар Ресей мұнайының Қытайға транзит көлемін ұлғайту мүмкіндігі де зерттеліп жатыр.
Қазақстандық жүк жөнелтушілерге Батыс Қазақстан – Батыс Қытай бағытын, Ақтау мен Батуми кемежайлары мұнай құю терминалдарының қуаттарын пайдалану, мұнай тасымалдауда ықтимал қатерлерді азайтатын баламалы бағыттар нұсқалары ұсынылады.
Қазақстанның батыс өңірінде, ең алдымен, мұнай өндіруші және өнеркәсіп кәсіпорындарының су тұтыну көлемі болашақта өсе түспек. Осы ахуалды ескеріп, «ҚазТрансОйл» АҚ еншілес кәсіпорны – «Магистральдық суағызғысы» ЖШС сенімділік пен қауіпсіздікті арттыру үшін «Астрахань – Маңғыстау» магистральдық су құбырын қайта құру және кеңейту» инвестициялық жобасын іске асыруда. Бұл ретте тарифтердің әділ деңгейін қалыптастыру назарда болады. Су құбырының қуатын кеңейту тұтынушыларға судың мол көлемін жеткізуге, ал тариф белгілеудің жаңа тәсілі кәсіпорынның шығынсыз қызмет етуіне мүмкіндік береді.
Жұртшылыққа мәлім, «ҚазТрансОйл» АҚ отандық компаниялардың ішінде бірінші болып өз акцияларынан халыққа үлес ұсынды, яғни халықтық IPO-ға шықты. Бұл жұмысқа сол тұста ұлттық компаниямызды басқарған қайратер Қайыргелді Қабылдин бастаған ұжым ықыласпен атсалысты. Енді «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы біз жүріп өткен осы жолмен жүрмек. Бұл орайда «ҚазТрансОйл» АҚ отандық нарықта IPO-ға қатысты айтарлықтай мол тәжірибе жинақтағаны белгілі. 2012-2020 жылдар аралығында «ҚазТрансОйл» АҚ өз акционерлеріне компанияның дивидендтік саясатында мәлімделген таза пайданың 40 пайыздық мөлшерінен едәуір асатын табыс төледі. 2015-2019 жылдары дивиденд мөлшері тиісті кезеңдегі акцияға шаққандағы пайдадан асып түсті. Орналастыру бағасына орташа жылдық пайда кірісі 15,62 пайызды құрады. Яғни «ҚазТрансОйл» АҚ өз акционерлеріне мейлінше тиімді дивидендтік саясат жүргізді.
Биыл және таяу келешекте әлеуметтік-экономикалық ахуал айтарлықтай тәуекелдерді және екіұдайлық жағдайды бастан кешу кезеңі болғалы тұр. Осыған орай компания қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге күш салып отыр. Бұл инвесторлардың ұзақмерзімді мүдделеріне толық сай келеді. Болашақта әлемдік экономикада жағдай оңалып, геосаяси ахуал қалыпқа келген кезде «ҚазТрансОйл» АҚ табысын еселей отырып, халық арасындағы акционерлеріне дивидендтерді 40 пайыз мөлшер деңгейінде төлеу тәжірибесіне оралатын болады, дивиденд мөлшерін арттыру назардан түспейді.
«ҚазМұнайГаз» АҚ IPO-ға дайындалу барысында өзінің акциялары мен «ҚазТрансОйл» АҚ акцияларының нарқын Қазақстанның қор нарығында бір деңгейде ұсыну туралы қорытындыға келгенін атап өткім келеді. Бұл «ҚазТрансОйл» АҚ акцияларын кері сатып алу туралы мәселенің туындауы мүмкіндігін жояды.
Естеріңізге сала кетейік, «ҚазТрансОйл» АҚ 2000 жылдардың басынан бастап Қазақстан – Қытай бағыты бойынша мұнай құбырын тартуды іске асырып келеді. Батыс Қазақстаннан Қытайға магистральдық мұнай құбырлары жүйесін қалыптастыру компания үшін ғана емес, бүкіл ел экономикасы үшін аса ірі және стратегиялық маңызды инвестициялық жоба саналады. Жоба жаңа мұнай айдау стансаларын салуды және жұмыс істеп тұрғандарын қайта құруды, сондай-ақ ішкі нарыққа және Қытайға экспортқа мұнай тасымалдау көлемінің ұлғаюына қарай мұнай құбырының өткізу қабілетін барлық учаске бойынша кезең-кезеңімен арттыруды көздейді.
Жақында Қазақстанның Энергетика министрлігі алдағы жылдары мұнай өндіруді ұлғайту жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Осыған қатысты айтарымыз, Атырау – Самара мұнай құбырында, Ақтау кемежайында, Атасу – Алашанькоу мұнай құбырында қажетті өндірістік қуат жеткілікті. Сондай-ақ Т.Қасымов атындағы мұнай айдау стансасында мұнай аспақұярлығын (эстакада), Шағыр мұнай құю пунктін пайдалану мүмкіндігі бар. Компанияның Каспий құбыр консорциумына мұнайды ауыстырып тиеу үшін де мүмкіндігі аз емес. Яғни компания ұлттық оператор ретінде елімізде келешекте өндіру арта түсетін мұнай көлемін тасымалдау үшін қажетті қуаттарды жеткілікті қамтамасыз ете алады. Мұнай өндіру одан әрі ұлғайған жағдайда компаниямыздың магистральдық мұнай құбырларының өткізу жүйесі де кеңейе түседі.
Алмағайып геосаяси тәуекелдер жағдайында мұнай тасымалдау бағыттарын әртараптандыру мен дамыту өзекті болып қала береді. Қазақстандық мұнайды қайта айдау бағыттарын тасымалдаудың және әртараптандырудың көптармақты да тарапты жүйесін құру бойынша жоспарда Транскаспий бағыты мен Орталық Азия бағыты да қамтылатын болады.
«ҚазТрансОйл» аталған жобалар бойынша жұмыс жүргізіп келеді. Осы жылдың сегіз айында компания Ақтау кемежайы арқылы Баку бағытында танкерлерге 69 мың тонна қазақстандық мұнайды ауыстырып тиеуді қамтамасыз етті. Т.Қасымов атындағы мұнай айдау стансасының аспақұярлығы (эстакада) арқылы Өзбекстан бағытында қазақстандық мұнайды темір жол шандарына құю 53,9 мың тоннаны құрады. Биыл Ресей мұнайын Өзбекстан бағытында транзиттеу жүзеге асырылмады. «ҚазТрансОйл» АҚ Қазақстан аумағы бойынша Қытайға да, Өзбекстанға да және басқа елдерге де жылына қазіргідей 10 млн тоннадан артық мұнай жеткізу көлемін ұлғайту бойынша ресейлік және басқа да мүдделі серіктестермен іскерлік ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын.
Бұдан бөлек, Ресей мұнайын Қытайға транзиттеу туралы «Роснефтьпен» келісім бар. Қолданыстағы шарт 2023 жылы аяқталады. Қазір біз «Роснефтьпен» бірлесіп 2023 жылдан кейін де Қазақстан арқылы Қытайға Ресей мұнайын тасымалдау қызметтері туралы шартты ұзарту бойынша қосымша келісімге қол қоюға дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.
Бұл ретте алдымен Қазақстан мен Ресей Федерациясының үкіметтері арасындағы уағдаластықтарға қол жеткізу, екі елдің энергетика министрліктері арасындағы келісімдерге қажетті өзгерістер енгізу жұмыстары атқарылатын болады. Екі тарап та сындарлы ниетті және транзиттік мұнайды тасымалдау туралы келісімнің қолданылу мерзімін ұзартуды қолдайды.
«ҚазТрансОйл» АҚ экспорттық бағыттарды әртараптандыру үшін 2008 жылы Батумиде мұнай терминалын сатып алған болатын. Бірақ нарықтардағы жағдай жүк жөнелтушілердің жоспарларына өз түзетулерін енгізеді. Жекелеген халықаралық дәліздер бойынша жүк айналымы қысқарды, соның қатарында Батуми мұнай терминалының да жүктемесі азайды. Бүгінде геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты Батуми кемежайының қуаты қайтадан сұранысқа ие болып отыр. 2021 жылдан бастап мұнай мен мұнай өнімдерін ауыстырып тиеу көлемінің өсуіне байланысты Батуми терминалының қаржылық көрсеткіштерді де жақсара түсті. Мәселен, Батуми мұнай терминалы тобының шоғырландырылған табысы 2021 жылы 2,5 млрд теңге болса, ал осы жылдың бірінші жартыжылдығының өзінде 1,9 млрд теңгені құрады.
Компания өз алдына қызметтердің қосымша бағыттарын дамыту және әртараптандыру бойынша міндеттер қойып отыр. Транскаспий дәлізін пайдаланудың оңтайлы нұсқалары, оның ішінде Теңіз жобасының инвесторларын тарту мүмкіндігі пысықталып жатыр.
Инвестициялық қоғамдастықтың қызығушылығын тудыратын «ҚазТрансОйл» АҚ-ның тағы бір ірі жобасы «Астрахань – Маңғыстау» магистральдық су құбырын қайта құру және кеңейту. Бұл құбыр 70 жыл бұрын салынған. Тұщы су жеткізудің халық үшін де, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы кәсіпорындары үшін де үлкен әлеуметтік және экономикалық маңызы зор. Су құбырын қайта құру және кеңейту жобасы Қазақстан Президентінің тапсырмасы бойынша іске асырылуда және Атырау мен Маңғыстау облыстарының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарларына енгізілген. Жобаны іске асыру еліміздің батыс өңірінде су тұтынуға өсіп отырған сұраныс жағдайында магистральдық су құбырын сенімді пайдалануды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Астрахань – Маңғыстау су құбырын жаңғырту жобасын қаржыландыру үшін қарыз қаражаты тартылады.
Осы жылдың тамыз айында реттеуші мемлекеттік орган су жеткізіп беру бағасының 2022-2027 жылдарға арналған тарифінің орташа деңгейін текше метріне 425,25 теңге деңгейінде бекітті. Бірақ бұл тариф қарыз қаражатының қайтарымдылығын, сондай-ақ су құбырының шығынсыз және қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз етпейді. Мемлекет басшысы қыркүйек айындағы Жолдауында монополиялардың кірісін шектеу мен инфрақұрылымға инвестицияларды қамтамасыз ету арасындағы теңгерімді сақтау, сондай-ақ тарифтерді жасанды тежеуге жол бермеу қажеттігін атап өтті. Осыны ескере отырып, «ҚазТрансОйл» АҚ еншілес ұйымы – «Магистральдық суағызғысы» ЖШС бекітілген тарифті қайта қарау бойынша, оның ішінде «Тарифті инвестицияларға айырбастау» жаңа тарифтік саясатына көшу аясында жұмысты жалғастырады.
Ағымдағы кезең әлеуметтік-экономиикалық ахуалда тәуекелдер мен белгісіздікке толы болып тұр. Бұл тек «ҚазТрансОйл» АҚ компаниясына ғана емес, өміріміздің барлық бағытына да теріс әсер етуде. Сонымен қатар қазір болып жатқан үдерістер дамудың жаңа мүмкіндіктерін де ашады. Қазірдің өзінде компанияның магистральдық мұнай құбырларының ықпалдасқан жүйесі шектеулі көлемде болса да жүк жөнелтушілердің қажеттіліктеріне жылдам бейімделе алды.
Болашақта барлық бағыт бойынша жеткілікті қуаттар құру, тарифтің әділ деңгейлерін белгілеу кезінде «ҚазТрансОйл» АҚ елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан Үкіметтің талаптарына, сондай-ақ шикізатты тасымалдау бағыттарын таңдау ыңғайында мұнай-газ саласының қажеттіліктеріне толық сай келіп отырғанын атап көрсетеміз.
Бұл ретте қазірдің өзінде құбыр жүйесінің жаңа нысандарын салу және жұмыс істеп тұрғандарын жаңғырту үшін жабдық жеткізушілерімен іскерлік қатынастарды жолға қою саласында белгілі бір жетістіктерге қол жеткіздік. Атап айтқанда, жабдықтар мен материалдарды жеткізудің жаңа бағдарлық жолдары қалыптасуда. Геосаяси жағдайдың қалыпқа келуі тұтынушыларды көрсетілетін қызметтердің оңтайлы нұсқаларын сапасы мен құны бойынша таңдауына мүмкіндік береді. Қазақстанның мұнай құбыры көлігі саласындағы ұлттық операторы «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамының қызметтері өскелең сұранысқа сай келеді және акционерлерге ұтымды, инвесторлар үшін тартымды болып қала береді.
Алмас ОҢҒАРСЫНОВ,
«ҚазТрансОйл» АҚ бас директорының корпоративтік басқару жөніндегі орынбасары
Источник: https://egemen.kz/article/324423-syndarly-kezenhdegi-serpin