Компания

 

ҚазТрансОйлдың құрылуы туралы

Мұнай тасымалдау, мұнай және мұнай өнімдерінің экспорты мен импорты мәселелерінде Қазақстан Республикасының мүдделерін сақтау мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997 жылғы 2 сәуірдегі №461 қаулысымен мемлекет жарғылық қорына 100 пайыз қатысатын «ҚазТрансОйл» мұнай тасымалдау жөніндегі ұлттық компаниясы» жабық акционерлік қоғамы («ҚазТрансОйл» МТҰК» ЖАҚ) құрылды.

2001 жылы «ҚазТрансОйл» МТҰК» ЖАҚ («ҚазТрансОйл» ЖАҚболып қайта аталды) акцияларының мемлекеттік пакеті Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 2 мамырдағы №591 қаулысына сәйкес құрылған «Мұнай және Газ көлігі» ұлттық компаниясы» жабық акционерлік қоғамының жарғылық қорына берілді.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 20 ақпандағы №811 Жарлығымен «Қазақойл» ұлттық мұнай-газ компаниясы» мен «Мұнай және Газ көлігі» ұлттық компаниясы» жабық акционерлік қоғамдарының бірігу жолымен қайта құрылуы негізінде «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» жабық акционерлік қоғамы құрылды, ол «ҚазТрансОйл» ЖАҚ-тың бірден-бір акционері болды. «ҚазТрансОйл» ЖАҚ 2004 жылғы 31 мамырда «ҚазТрансОйл» АҚ болып қайта аталды.

«ҚазТрансОйл» АҚ қызметінің мәні:
  • мұнайды және мұнай өнімдерін магистральдық құбырлармен тасымалдау (айдау, ауыстырып құю, қотару, құю, сақтау, араластыру) жөніндегі қызметтерді көрсету;
  • Қазақстан Республикасы аумағында және одан тыс жерлерде сұйық көмірсутегі шикізатын сақтау, тасымалдау жүзеге асырылатын көліктің басқа түрлеріне тиеу және ауыстырып құю жөніндегі объектілерді қоса алғанда, құбыр жүйесін салуды және пайдалануды жүзеге асыру;
  • сырт ұйымдарға тиесілі магистральдық мұнай құбырларын пайдалану жөніндегі қызметті жүзеге асыру;
  • басқа мемлекеттердің құбыр жүйелері бойынша қазақстандық мұнайды тасымалдауды ұйымдастыру (бірыңғай бағыттау бойынша операторлық қызмет);
  • магистральдық мұнай құбырының меншік иесі не өзге заңды негізде магистральдық мұнай құбырына иелік етуші тұлға атынан магистральдық мұнай құбырымен мұнай тасымалдау жөніндегі қызметтерді көрсету;
  • магистральдық құбырмен және тарату желілерімен су беру жөніндегі қызметтерді көрсету;
  • жылу энергиясын өндіру, беру және тарату, электр энергиясын беру және тарату жөніндегі қызметтерді көрсету;
  • Жарғымен көзделген қызметтердің өзге де түрлерін жүзеге асыру.

«ҚазТрансОйл» АҚ-тың дамуы туралы

Өткен кезеңде ҚазТрансОйлдың негізгі күш-жігері Қазақстанның магистральды мұнай құбырлары жүйесін дамытуға және кіріктіруге, мұнай тасымалдау және ауыстырып құю жөніндегі жұмыс істеп тұрған қуаттардың сенімділігін арттыруға және жаңаларын салуға, қызметтердің бәсекеге қабілетін көтеруге, сондай-ақ өткізуші мемлекеттер аумағымен мұнай тасымалдауды қамтамасыз ету үшін қажетті шарттық негізді жасауға бағытталды.

Жүк айналымы 2000 жылғы 19,1 млрд. т. км-ден 2011 жылы 42,2 млрд. т. км-ге дейін өсті. Тасымалдау көлемі 2000 жылғы 27,8 млн.тоннадан 2011жылы 66,9 млн.тоннаға дейін көбейді.Жиынтық пайда 2000 жылғы 5,7 млрд. теңгеден 2011 жылы 25,9 млрд. теңгеге дейінмолайды. ҚазТрансОйл магистральды мұнай құбырлары жүйесінің 1 000 км-ден астамы ауыстырылып, сұйыққойма паркі 60% жаңарды.

Мұнай қотаруға/құюға арналған 4 темір жол аспақұярлығы салынды/қайта құрылды және Ақтау кемежайы мұнай терминалдарының қуаты арттырылды. Әлібекмола – Кеңқияқ және Солтүстік Бозащы – Қаражанбас мұнай құбырлары пайдалануға берілді. Атырау – Самара мұнай құбырының өткізу қабілеті ұлғайды. Жұмыс істеп тұрған МАС-тар қайта құрылды және жаңалары салынды. ТОН-2 мұнай құбырына меншік құқығы тіркелді. ҚТО нысандарында SCADA жүйесі енгізілді.

2001 жылы Каспий құбыр консорциумының (КҚК) Теңіз – Новороссийск мұнай құбыры пайдалануға қосылды. «ҚазТрансОйл» АҚ жүк жөнелтушілердің КҚК мұнай құбырына қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатында өзінің «Атырау» мұнай айдау стансасында Өзен – Атырау, Кеңқияқ – Атырау, Мартыши – Атырау мұнай құбырлары арқылы және темір жолмен келетін көмірсутегі шикізатын КҚК жүйесіне ауыстырып құюға арналған нысандарды іске қосты.

2003 жылы Кеңқияқ – Атырау мұнай құбыры («МұнайТас» СБҚК» АҚ) пайдалануға берілді. Қазақстан – Қытай экспорттық жүйесінің бөлігі ретінде 2006 жылы Атасу – Алашаңқай мұнай құбыры, ал 2009 жылы Кеңқияқ – Құмкөл мұнай құбыры («Қазақстан – Қытай құбыры» ЖШС) іске қосылды.

2013 жылы 13 желтоқсанда «Қазақстан-Қытай құбыры» ЖШС, «Атасу – Алашаңқай» магистралды мұнай құбырының №10 МАС пен №8 МАС-ын пайдалануға қабылдады.Оның нәтижесінде мұнай құбырының қажетті өтеу мүмкүншілігін 20 млн.т/ж көбейтуге мүмкіндік берді.

2013 жылы 11 желтоқсанда «Batumi Industrial Holdings Limited», «Batumi Capital Partners Limited» және «Batumi Services Limited» компанияларының «Batumi Terminals Limited» компаниясына қосылу жолымен қайта ұйымдастыру рәсімдері аяқталды. 2013 жылы 25 желтоқсанда «Батуми мұнай базасы» ЖШҚ-ның «Батуми мұнай терминалы» ЖШҚ-на қосылу үрдісі аяқталды. Қайта ұйымдастыру нәтижесінде «ҚазТрансОйл» АҚ Грузиядағы өндірістік активтерді – Батуми мұнай терминалына және Батуми теңіз кемежайына тікелей иелік етуге және оларды басқаруды жүзеге асыратын «Batumi Terminals Limited» (Кипр) компаниясының 100% акцияларының иеленушісі болып табылады.

Қазақстан мұнайының транзитін жүзеге асырушы Ресей, Украина, Белоруссия және Әзербайжан мұнай тасымалдау компанияларымен берік серіктестік қатынас орнатылды.

Мұнай компанияларымен (жүк жөнелтушілермен) тұрақты клиенттік негіз және сенімді шарттық қатынас жасалды.

Мұнай тасымалдау саласындағы заңнамалық негіз бен мемлекеттік реттеу дамытылып, жетілдірілуде.

«ҚазТрансОйл» АҚ бүгінгі күні

ҚазТрансОйл ішкі нарыққа және экспортқа мұнай тасымалдау қызметтерін көрсетуші Қазақстан Республикасының аса ірі мұнай құбыры компаниясы.

«ҚазТрансОйл» АҚ Табиғи монополиялар субъектілері мемлекеттік тіркелімінің Республикалық бөліміне кіргізілген.

«ҚазТрансОйл» АҚ Қазақстан Республикасындағы аса ірі магистральды мұнай құбырлары мен суағызғылар жүйесінің меншік иесі, олардың жиынтық ұзындығы 5 376,625 км мұнай құбырлары (РФ аумағында және ҚазТрансОйлдың Самара қаласындағы өкілдігі теңгерімінде тұрған 71,7 км Кеңқияқ – Ор мұнай құбырын ескергенде) және 1 975,1 км суағарлар.

Магистральды мұнай құбырларымен мұнай тасымалдауды 37 мұнай айдау стансасы, 64 мұнай қыздыру пеші, жалпы көлемі 1 414,2 мың текше м. мұнай сақтауға арналған сұйыққойма паркі қамтамасыз етеді.

Мұнайды ауыстырып құюды 4 темір жол қотару-құю аспақұярлығы, Ақтау кемежайы теңіз терминалының 5 айлағына орнатылған танкерлерге мұнай құю тиісті жабдықтары қамтамасыз етеді.

Су беруді 3 су-сорап стансасы, 2 су тазарту құрылысы, су сақтауға арналған жалпы сыйымдылығы 155,2 мың текше м. сұйыққойма қамтамасыз етеді.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 8 қазандағы №1273 қаулысымен «ҚазТрансОйл» АҚ магистральды мұнай құбырының ұлттық операторы болып белгіленді.

Ұлттық оператордың қызметі Қазақстан Республикасында магистральды мұнай құбырлары жүйесін дамытуға және оларды тиімді, сенімді және қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталған.

Магистральды мұнай құбыры ұлттық операторының негізгі міндеттері мыналар:
  • өнімді магистральды мұнай құбырларымен ішкі және сыртқы нарыққа тасымалдау кезінде Қазақстан Республикасының және қатынастың басқа да қатысушыларының мүдделерін қамтамасыз ету;
  • магистральды мұнай құбырлары жүйесін инновациялық дамытуды және оны әлемдік энергетика жүйесіне ықпалдастыруды қамтамасыз ету;
  • мұнай-газ секторын магистральдық мұнай құбырларымен мұнай тасымалдау бөлігінде дамытудың мемлекеттік және ұлттық бағдарламаларын әзірлеуге қатысу;
  • Қазақстан Республикасының магистральдық құбыр туралы заңнамасын жетілдіруге бағытталған нормативтік құқықтық актілер жобалары бойынша ұсыныстарды өңдеу және уәкілетті органның қарауына енгізу;
  • магистральдық мұнай құбырлары саласындағы нормативтік және нормативтік-техникалық құжаттамалар жобаларын әзірлеуге қатысу;
  • магистральдық құбырларымен мұнай тасымалдау саласындағы халықаралық шарттарды әзірлеуге және іске асыруға қатысу;
  • мұнай тасымалдау маршруттарының энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға және әртараптандыруға бағытталған халықаралық жобаларды іске асыру жұмыстарына қатысу.
Ұлттық оператор:
  • дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке, ұлттық басқарушы холдингке немесе ұлттық компанияға тікелей немесе жанама түрде тиесілі меншік иесінің магистральдық құбыры арқылы Қазақстан Республикасының аумағында операторлық қызметтерді көрсету құқығына ие;
  • Ұлттық операторға меншік құқығында немесе өзге де заңды негізде тиесілі магистральдық құбыр арқылы Қазақстан Республикасының аумағынан тасымалданатын мұнайды басқа мемлекеттердің құбыр жүйелері арқылы тасымалдауды ұйымдастыру жөніндегі қызметтерді көрсету (бірыңғай маршруттау бойынша операторлық қызмет) құқығына ие.
2012 жылдың 25 желтоқсанында Қазақстан Қор биржасының сауда залында «Халықтық IPO» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қор нарығына шығарылған «ҚазТрансОйл» АҚ қарапайым акцияларының қайталама нарықтағы саудалануының ресми ашылу салтанаты өтті. Жазылыс барысында Қазақстан Республикасының 10 жинақтаушы зейнетақы қорлары және 33 989 азаматтары «ҚазТрансОйл» АҚ қарапайым акцияларын сатып алды. Сұраныс көлемі орналастырылым көлемінен 2,1 есеге асып түсті. 2013 жылдың 1 ақпаннан бастап «ҚазТрансОйл» АҚ қарапайым акциялары KASE Индексін есептейтін акциялардың өкілетті тізіміне енгізілді.

«ҚазТрансОйл» АҚ шет ел қатысатын екі заңды тұлғаның қатысушысы:
  • ҚазТрансОйл мен CNODC тең негізде қатысушылары болатын («Қазақстан – Қытай құбыры» ЖШС (ҚҚҚ). ҚҚҚ жалпы ұзындығы 1 759 км., өткізу қабілеті жылына 12 млн. тонна Атасу – Алашаңқай және Кеңқияқ – Құмкөл мұнай құбырларына иелік етеді.
  • «МұнайТас» ЖШС (МұнайТас) – қатысушылары ҚазТрансОйл (қатысу үлесі 51%) және CNPC Exploration and Development Company Ltd. (қатысу үлесі 49%). МұнайТас ұзындығы 448,8 км өткізу қабілеті жылына 6 млн. тонна Кеңқияқ – Атырау мұнай құбырына иелік етеді.
«ҚазТрансОйл» АҚ Petrotrans Limited компаниясына және Батуми теңіз кемежайы тікелей басқарылатын «Батуми мұнай терминалы» ААҚ жарғылық капиталындағы 100% үлеске ие. «Батуми мұнай терминалы» ААҚ-қа иелік ету арқылы қазақстандық мұнай және мұнай өнімдерінің Қара теңіз нарығына тікелей шығуын қамтамасыз ететін мұнай көлігі дәлізін жасады.

«ҚазТрансОйл» АҚбасқа заңды тұлғалар иелік ететінмына магистральды мұнай құбырларын пайдалану және оларға техникалық күтім жасау қызметтерін көрсетеді:
  • Кеңқияқ – Құмкөлжәне Атасу – Алашаңқай («Қазақстан – Қытай құбыры» ЖШС;
  • Кеңқияқ – Атырау («МұнайТас» ЖШС);
  • Ақсай – ҮлкенШаған – Атырау (Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.);
  • Торғай-Петролеум МДАЦ – «Құмкөл» БМАС («Торғай-Петролеум» АҚ);
  • 0 ш/м – 466 ш/м учаскесінің шекарасы Қазақстан мен Ресей аралығындағы Теңгіз – Новороссийск құбыр желісі («КҚЖК-К» АҚ).

Өндірістік көрсеткіштер (шоғырланған)

2010 2011 2012 2013 2014 2015 2016 2017 2018 2019
Мұнай жүк айналымы, млн. тн.*км 41 351 42 244 42 163 45 493 44 206 45 446 43 130 48 360 46 120 45 580
Су беру, мың текше. м. 21 361 21 192 22 799 23 390 24 815 24 998 25 133 26 225 28 730 28 900
Қызметшілер саны, адам 10 034 9 992 9 264 9 140 9 278 9 347 9 154 8 766 6 923 6 773

Қаржы көрсеткіштері (шоғырланған)

2010 2011 2012 2013 2014 2015 2016 2017 2018 2019
Өнімдерді өткізу мен қызметтерді көрсетуден алынған кіріс, млн. теңге 138 241 140 478 143 061 196 367 206 637 213 162 207 108 222 450 225 400 239 626
Өзіндік құн, млн. теңге 82 407 96 299 99 604 110 969 121 309 124 064 129 862 146 599 152 393 159 871
Жиынтық пайда, млн. теңге 19 618 25 945 33 501 63 543 46 431 44 713 44 528 50 118 38 485 45 121
Алдыңғы жыл үшін дивидендтер төлеу, млн. теңге 7 340 19 331 60 002 28 848 41 295 46 429 51 156 59 617 61 540 40 001