Атырау мұнай құбыры басқармасының мамандары мұнай құбырын жөндеу кезінде жаңадан енгізілген инновациялық «DENSOLEN» лентасын қолдану бойынша оқытудан өтіп, практика жүзінде қолдануды меңгерді.
Қорғаныш құралы магистарльды мұнай құбыры бойында тұңғыш рет қолданылып отыр. Аталған ленталар жүйесі құбырды коррозиядан қорғайды, изоляциясы берік болады және ұзақ мерзімге кепілдік береді. Ауа райының температурасы -10°С-тан +50°С-қа дейін лентамен жұмыс істеуге болады. Қолданылуы да қарапайым.
Құбыр бойына жөндеу жүргізілген соң, құбыр бөлігі шаң-тозаңнан тазаланады. Одан соң арнайы желім бояуы жағылады. Желім кепкеннен кейін ғана құбырға полиэтилен мен бутил араласқан лентасы қолданылады, олардың сыртқы және ішкі қабаттары бір - бірімен біріктіріліп, су мен оттегіге төзімді қорғаныс жабыны пайда болады. Лентаны орайтын арнайы құрылғысы бар. Құбырды лентамен орау көп уақыт алмайды және 2 жұмысшы атқарып шыға алады.
Лента орауды апатты-қалпына келтіру пунктінің желілік құбыршылары меңгеріп алды. Енді құбыр бойындағы жөндеуден кейін осы ленталар жүйесі қолданылатын болады.