«ҚазТрансОйл» АҚ Қарағанды мұнай құбыры басқармасының базасында әуе желілері мен электрохимиялық қорғау (ЭХҚ) қызметінің мамандарын тәжірибелік тұрғыда даярлауға арналған оқу-жаттығу полигоны құрылды. Оның негізгі ерекшелігі – оқытудың өндірістік ортаға барынша жақын жағдайларда өткізілуі.
«Компания үшін тек кадрлардың біліктілігін сақтау ғана емес, сонымен қатар халықаралық стандарттарға сәйкес тиімді әрі қауіпсіз жұмыс істей алатын нағыз кәсіби мамандарды даярлау маңызды. Сондықтан бұл жаттығу алаңы қолданбалы дағдыларды дамыту, қауіпсіздік мәдениетін нығайту және ең бастысы – қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында құрылды», – дейді Қарағанды мұнай құбыры басқармасының бас инженері Ербол Асенов.
Оқыту үдерісі келесі кәсіби міндеттерді толық қамтиды:
· траверстерді орнату және жөндеу;
· оқшаулатқыштарды ауыстыру;
· сымдарды тарту, реттеу және толық ауыстыру;
· бағана үстінде зардап шеккен қызметкерді құтқару;
· биікте және альпинистік жағдайда жұмыс істеу;
· конструкциялармен қауіпсіз қозғалу техникасы;
· биіктіктен құлаудан қорғауға арналған белдіктер мен қорғаныс құралдарын дұрыс пайдалану.
![]() |
Оқытудың негізгі назарында – диагностика әдістері, технологиялық карталарды сақтау, жабдықтарды күтіп-ұстау алгоритмдері, наряд-рұқсат құжаттарын рәсімдеу, кернеудің жоқтығын тексеру және қорғаныс құралдарын пайдалану. Барлық сабақтар еңбек қауіпсіздігі және өндірістік қауіпсіздік бойынша қолданыстағы талаптарға сәйкес жүргізіледі.
Полигон құру – «ҚазТрансОйл» АҚ-ның техникалық мамандардың кәсіби құзыреттерін дамыту, еңбекті қорғау мәдениетін енгізу және өндірістегі жарақаттанушылықтың алдын алу бағытындағы жүйелі әрі ұзақ мерзімді жұмысының бір бөлігі.