KZTO 897,20 (-0,31)
KASE «ҚазТрансОйл» АҚ акциялары 897,20 (-0,31)

Шымкент мұнай құбыры басқармасында мұнай төгіндісін залалсыздандыру бойынша оқу-жаттығу өтті

 15.12.2025    39

Шымкент мұнай құбыры басқармасында тіректі апатты қалпына келтіру пункті мен арнайы техникалар цехы қызметкерлерінің, сондай-ақ «KMG Security» ЖШС, «Медикер-ПМ» ЖШС және «Зевс Энерго» ЖШС азаматтық қорғау құрылымдары қызметкерлерінің қатысуымен мұнай төгіндісін залалсыздандыруға бағытталған жоспарлы оқу-жаттығу өтті.

Оқу-жаттығу «Павлодар–Шымкент» магистральдық мұнай құбырының желілік бөлігінде ұйымдастырылып, автомобиль және теміржол жолдарына, елді мекендер мен су айдындарына жақын орналасқан құбыр учаскесінде шартты апаттық жағдай пысықталды. Шара барысында мұнайдың таралуын шектеу, сондай-ақ оның инфрақұрылым мен табиғи нысандарға әсерін болдырмау шаралары қарастырылды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – «Павлодар–Шымкент» ММҚ 1623 шақырымындағы нысандардың апатты жою жоспарының тиімділігін тексеру, авариялық жағдайларды жоюға бөлімшелердің дайындық деңгейін бағалау, азаматтық қорғау құрылымдары персоналының біліктілігін арттыру және төтенше жағдай кезіндегі әрекеттердің үйлесімділігін күшейту болды. Сонымен қатар техникалардың жай-күйі, жедел іске қосылу дайындығы және зақымдану кезінде қолдану мүмкіндігі тексерілді.

Жаттығу барысында барлық бөлім қызметкерлері ұйымдастырушылық қабілет пен өзара әрекеттесу деңгейін көрсетті. Персоналдың әрекеттері мен қойылған міндеттерді орындау тәртібі оң бағаланды.

Мұндай оқу-жаттығулар төтенше жағдайдағы іс-қимылды нақты жағдайға барынша жақын ортада пысықтауға, тәжірибе жинауға және аварияларды жою сапасын арттыруға мүмкіндік береді.


Реакция:
Серiктестер