KZTO 841,30 (-0,14%)
KASE «ҚазТрансОйл» АҚ акциялары 841,30 (-0,14%)
Brent ()
WTI ()
0
0
0

2022 жылдың 9 айында «ҚазТрансОйл» АҚ мұнай тасымалдау көлемі 30 млн тоннаны құрады

 22.10.2022    1273
«ҚазТрансОйл» АҚ 2022 жылғы қаңтар-қыркүйектегі өндірістік қорытындыны шығарды. Есепті кезеңде «ҚазТрансОйл» АҚ магистральдық мұнай құбырлары жүйесімен 30 млн 3 мың тонна мұнай тасымалданды, бұл 2021 жылдың 9 айына қарағанда 821 мың тоннаға төмен.

«ҚазТрансОйл» АҚ магистральдық мұнай құбырлары жүйесімен Қазақстан Республикасының мұнай өңдеу зауыттарына мұнай тасымалдау көлемі 2021 жылғы қаңтар-қыркүйектегі көрсеткішпен салыстырғанда 772 мың тоннаға ұлғайып, 13 млн 527 мың тоннаны құраған. «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-ға 4 млн 176 мың тонна мұнай, «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС-ға 4 млн 633 мың тонна мұнай, «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС-ға 3 млн 986 мың тонна мұнай, «CASPI BITUM» БК» ЖШС-ға 732 мың тонна мұнай жеткізілді.

«Өзен-Атырау-Самара» магистральдық мұнай құбырының «Атырау-Самара» учаскесі бойынша мұнай тасымалдау көлемі 6 млн 639 мың тоннаны құрады, бұл 2021 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 2 млн 399 мың тоннаға төмен.

Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан «ТОН-2» мұнай құбыры учаскесі бойынша 8 млн 196 мың тонна мұнай тасымалданды, бұл 2021 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 60 мың тоннаға төмен.

«Атасу-Алашанькоу» магистральдық мұнай құбырына 8 млн 462 мың тонна мұнайды ауыстырып тиеу жүзеге асырылды. 2021 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 260 мың тоннаға артты.

«Каспий Құбыр Консорциумы-Қ» АҚ жүйесіне мұнайды ауыстырып тиеу көлемі 744 мың тоннаны құрады, бұл 2021 жылдың 9 айының көрсеткішінен 383 мың тоннаға артық.

«ҚазТрансОйл» АҚ-тың қуаттарын пайдалана отырып, Ақтау портында танкерлерге мұнай құю 1 млн 621 мың тоннаны құрады, бұл 2021 жылдың 9 айының көрсеткішімен салыстырғанда 48 мың тоннаға артық.

Магистральдық мұнай құбырлары жүйесі арқылы мұнайдың жүк айналымы жеке «ҚазТрансОйл» АҚ бойынша 25 млрд 361 млн тонна-километрді құрады, бұл 2021 жылдың ұқсас кезеңіндегі көрсеткіштен 693 млн тонна-километрге төмен.

«ҚазТрансОйл» АҚ мұнайының шоғырландырылған жүк айналымы 32 млрд 665 млн тонна-километрді құрады, бұл 2021 жылдың 9 айына қарағанда 138 млн тонна-километрге артық.

«Қазақстан-Қытай құбыры» ЖШС мұнай құбырлары жүйесі бойынша 14 млн 258 мың тонна мұнай тасымалданды, бұл 2021 жылдың ұқсас кезеңіндегі көрсеткіштен 1 млн 228 мың тоннаға артық. Мұнай жүк айналымы 12 млрд 939 млн тонна-километрді құрады, бұл 2021 жылдың 9 айының нәтижесінен 1 млрд 256 млн тонна-километрге артық.

«МұнайТас» ЖШС мұнай құбыры бойынша мұнай тасымалдау көлемі 4 млн 52 мың тоннаны құрады, бұл 2021 жылдың 9 айына қарағанда 1 млн 6 мың тоннаға артық. Мұнай жүк айналымы 399 млн тонна-километрге артып, 1 млрд 636 млн тонна-километрге жетті.

«Батуми мұнай терминалы» ЖШҚ компанияларының тобы бойынша мұнайды, мұнай өнімдері мен газды ауыстырып құю көлемі 1 млн 577 мың тоннаны құрады, бұл 2021 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 582 мың тоннаға артық.

Қазақстанның Атырау және Маңғыстау облыстарының тұтынушыларына «Астрахань-Маңғышлақ» су құбыры бойынша «Магистральдық Суағызғы» ЖШС 23 млн 202 мың текше метр тұщы су берді, 2021 жылдың 9 айымен салыстырғанда су жеткізу көлемінің ұлғаюы 286 мың текше метрді құрады.
 
«ҚазТрансОйл» АҚ
жұртшылықпен байланыс және
ішкі коммуникациялар департаменті
Реакция:
Серiктестер