KZTO 821,00 (+0,12%)
KASE «ҚазТрансОйл» АҚ акциялары 821,00 (+0,12%)

Қазақстан мен Грузия премьер-министрлері екі ел арасындағы инвестициялық ынтымақтастық мәселелерін талқылады

 06.02.2025    672

ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов Қазақстанға ресми сапармен келген Грузия Премьер-Министрі Ираклий Кобахидземен кездесті. Келіссөздер барысында тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастық, көлік-логистикалық инфрақұрылымды, цифрлық технологияларды, ауыл шаруашылығы мен туризмді дамыту мәселелеріне ерекше назар аудара отырып, екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.

Олжас Бектенов Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Грузиямен әріптестікті нығайтуға ерекше мән беретінін атап өтті. Елдер арасындағы серпінді диалог тауар айналымының одан әрі өсуіне және ынтымақтастық бағыттарының кеңеюіне ықпал етеді.

Транзиттік-көліктік ынтымақтастықты арттыруға, атап айтқанда, Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Оның өткізу қабілеті 2027 жылға қарай жылына 10 миллион тоннаға жетеді деп күтілуде.

«Өткен жылы ТХКБ арқылы тасымалдау көлемі 62%-ға өсіп, 4,5 млн тоннаны құрады. Бағыттың әлеуетін арттыру, сондай-ақ инфрақұрылымды, порт және терминалдық қуатты жақсарту, жылжымалы құрамды ұлғайту, әкімшілік кедергілерді жою және тасымалдаушылар үшін қолайлы жағдай жасау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазақстан Үкіметі барлық бағыт бойынша Қазақстан-Грузия әріптестігінің серпінді дамуын қамтамасыз ету үшін жан-жақты жұмысты жалғастыруға ниетті», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Өз кезегінде Ираклий Кобахидзе Грузияның Қазақстанмен екіжақты байланыстарды дамытуға және нығайтуға мүдделі екенін атап өтті.

«Бұл менің Қазақстанға экономикалық және мәдени өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған алғашқы әрі маңызды ресми сапарым. Бүгінде мемлекеттеріміз арасында ынтымақтастықтың түрлі бағытында үлкен жетістіктер бар. Біз Қазақстанмен жан-жақты әріптестікті одан әрі дамытуға мүдделіміз», — деп атап өтті Ираклий Кобахидзе.

Сондай-ақ қазақстандық мұнай мен мұнай өнімдерін тасымалдау мәселелері талқыланды. Өткен жылы Баку-Тбилиси-Джейхан мұнай құбыры арқылы Қазақстаннан 1,4 миллион тонна мұнай жөнелтілді, келешекте бұл көлемді жылына 2,2 миллион тоннаға жеткізу жоспарлануда.

Кездесуге қатысушылар Қазақстан-Грузия инвестициялық ынтымақтастығы, атап айтқанда, «ҚазТрансОйл» АҚ Батуми активтері – «Батуми мұнай терминалы» ЖШҚ мен «Батуми теңіз порты» ЖШҚ қызметтерін талқылады. Аталған нысандарды одан әрі дамыту Транскаспий халықаралық көлік бағытын нығайтуда ерекше рөл атқаратыны айтылды. «Батуми мұнай терминалы» ЖШҚ мен «Батуми теңіз порты» ЖШҚ маңызды рөл атқарады және осы бағыттың болашақ дамуының «тіректерінің» бірі. Өзара тиімді ынтымақтастық мәселесі аталған нысандардың жүк айналымының артуына ықпал етіп, бұл екі тарап үшін де тиімді болмақ.


Фото primeminister.kz сайтынан алынған.

Серiктестер