Жақында «Павлодар» БМАС ұжымы мұнай айдау станциясының операторы болып 39 жыл еңбек еткен әріптестері Виктор Шипицынды құрметті демалысқа шығарып салды. 1983 жылы станция іске қосылып, араға бір жыл салып жұмысқа орналасқан ол Ресейдің Түмен облысында дүниеге келіп, мектепті бітіргеннен кейін Павлодардағы мұнай өңдеу зауытына слесарь болып жұмысқа орналасқан. Алты жарым жылдан кейін мұнай тасымалдау саласына келген.
-Мен 1984 жылы мұнай айдау станциясының операторы болып орналастым. Ол кезде бұл мамандық технологиялық қондырғылар машинисі деп аталатын. Біздің басты міндетіміз - сорғыларды іске қосып, технологиялық режимді бақылау болды. Операторлар бөлмесіндегі пульт арқылы қондырғыларды іске қосатынбыз, қазір барлығы компьютер арқылы жасалады. Ол уақытта мұнай Омбыдан тікелей мұнай өңдеу зауытына тасымалданатын. Бір бөлігі біздің сұйыққоймалар паркіне жеткізіліп, оны әрі қарай Шымкент бағытында айдайтынбыз. Ол кезде қысымды көтеру үшін екі магистральдық сорғы жұмыс істеді. Себебі қазіргідей аралық «Екібастұз», «Степное» сынды станциялар болған жоқ. Оның үстіне мұнайды жоғары қарай айдадық. Қазір қысым 35-36 бар. болса, ол кезде 55 бар. болатын, - дейді Виктор Венеаминович.
Әріптесіміз 1984 жылғы 31 тамыз айында жұмысқа орналасқан. Сол уақыттан бері көптеген жас мамандарға жол көрсеткен, білгенімен бөліскен. Басқарма бойынша іске қосылған жаңа нысандар мен кешенді жөндеулердің куәгері.
-1986 жылы «Степное» мұнай айдау станциясының іске қосылуына қатыстым. Ал 1987 жылы, әлі есімде 3 қазан күні, «Екібастұз» станциясы ресми түрде жұмысын бастады. Маған осы құрылымдық бөлімшелердің алғашқы жұмыс күніне қатысу бақыты бұйырды. Қарап отырсам, өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан бері ауысым бойынша жұмыс істеген екенмін. Жас кезімізде түнгі ауысымды елемейтінбіз, кейін жасың ұлғайған сайын ауырлай түседі екен. Бірақ станцияның жұмыс істеуі, тоқтамауы бізге байланысты ғой. Өз жұмысымызды тиісті деңгейде атқаруға жауапкершілік көмектесті деп ойлаймын. Мұнай айдау станцияның операторы – станцияның жүрегі деген сөз бекер емес, - дейді әріптесіміз.
Отыз тоғыз жыл еңбек еткен мұнай тасымалы ардагеріне станция ұжымы жылы лебіздерін білдіріп, шәкірттері ақ жол тіледі.