KZTO 817,99 (-0,00%)
KASE «ҚазТрансОйл» АҚ акциялары 817,99 (-0,00%)

Жылыой өңіріндегі мұнайқұбыршылардың мерейтойлық мерекесі

 14.09.2023    480

Биыл Құлсары мұнай құбыры басқармасының құрылғанына 35 жыл, оның құрылымдық бөлімшелері «Құлсары» желілік өндірістік-диспетчерлік станциясына – 55 жыл және «Прорва» мұнай айдау станциясына 25 жыл толып отыр. Осы мерейтойлар Құлсары қаласында кеңінен атап өтілді. 


Алдымен Жылыой аудандық тарихи-өлкетану музейінде ҚР Мұнай-газ кешені қызметкерлері Күні мерекесінде «ҚазТраснОйл» АҚ Құлсары мұнай құбыры басқармасының тарихынан сыр шертетін арнайы бұрыш ашылды.

   

Көрме бұрышының ашылуына Құлсары МҚБ басшылығы, Жылыой аудандық әкімдігінің өкілдері, сала ардагерлері мен әр жылдары басқарманы басқарған азаматтардың ұрпақтары қатысты. Салтанатты шарада ардагерлер игі істі қолға алған Құлсары МҚБ ұжымы мен музей қызметкерлеріне алғыстарын білдірді. Мұнайқұбыршылар бұрышын жасақтауға үш айға жуық уақыт жұмсалған. Осы кезең ішінде басқарма ұжымы музей бұрышына қажетті материалдарды жинастырып, тарихи экспонаттарды табуға атсалысты. Тарихи «Қосшағыл» мұнай айдау станциясының макеті арнайы жасалып, мұражайға тарту етілді. Алдағы уақытта жергілікті музейге келушілерге Құлсары мұнай құбыры басқармасының тарихы таныстырылатын болады. Жылыой аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Қарлығаш Қоспаеваның айтуынша, музейге келетін жас ұрпақ мұнай тасымалы өндірісінің тарихын біліп өтеді. Өсіп-өркендеу жолын біледі. Қандай тұлғалар мұнай құбыры өндірісін қалыптастыруға атсалысқандарын, тарихын  білетін болады. Музей көрмесіне Құлсары мұнай құбыры басқармасының тарихы, басқарманы басқарған тұлғалар туралы көркемсурет тақтасы, мұнайқұбыршылардың жетістіктері мен мұнай тасымалдау өндірісінен экспонаттар қойылған. 

Құлсары мұнай құбыры басқармасының Қазақстан мұнай тасымалы саласында өзіндік орны бар екені сөзсіз. Теңіз және Маңғышалақ мұнайын тасымалдап жатқан құрылымдар осынау жылдар ішінде қалыптасу кезеңінен даму сатысына түсті. Әсіресе, Тәуелсіздік жылдары өндірістің қуаты артып, мұнай айдау технологиясы кемелденді. Мұнай тасымалдаушылардың заманауи техникалық білімге жетік жаңа буыны қалыптасты. Құлсары мұнай құбыры басқармасын қалыптастыруға, оның дамуы мен өркендеуіне атсалысқан Орынғали Мекебаев, Мақсот Наров, Қыдырбай Ерғалиев және Амандық Құлтумиев сынды тұлғалардың еңбегі зор. Олардың өнегелі де көпке үлгі мұнай тасымалы саласындағы игілікті ісі осы мерейтойлар шеңберінде кеңінен атап өтілді. Тарихқа көз жүгіртсек, 1968 жылы Маңғышылақ мұнайын «Өзен-Гурьев-Куйбышев» (қазіргі атауы «Өзен-Атырау-Самара») магистарльды мұнай құбыры арқылы тасымалдау үшін «Құлсары» желілік-өндірістік диспетчерлік станциясы құрылды. Өндірісті қалыптсатыру, оны жүйелі тасымал жолына қою әрине, үлкен күш пен материалдық ресурсты талап еткен еді. Сол кездегі мұнай құбырын меңгерген мамандардың білігін пайдалану, жастарды оқыту, мұнай тасымалын үздіксіз қамтамасыз ету жоғарыда аталған тұлғалардың қажырлы еңбегі еді. Станция жұмысы жолға қойылып, мұнай тасымалының жүйесі толыққанды қалыптасқан кезде 1988 жылы Құлсары аудандық мұнай құбыры басқармасы (қазіргі атауы Құлсары мұнай құбыры басқармасы) құрылды. Оның құрамына «Құлсары» ЖӨДС, «Қосшағыл» ЖӨДС, «Қаратон» және №3 мұнай айдау станциялары мен «Опорный» мұнай қыздыру станциясы, №8-ші су сорап станциясы мен су тазарту құрылғысы (қазіргі кезде «Магистральды су ағызғысы» ЖШС құрамында) нысандар енгізілді. Сондай-ақ, басқарма өндіріске қажетті өндірісті қамтамасыз ету базасы, апатты қалыпна келтіру пункті, көлік және арнайы техника цехы, электрохимиялық қорғаныс және әуе желілері учаскесі сияқты қосымша құрылымадарды біріктірді.

     

Осылайша, мұнай құбыры саласының табысты жұмысына атсалысқан құлсарылық мұнай тасымалдаушылардың еңбек шежіресі тарихи құжат болып қатталды. Олардың көпшілігі мұнай тасымалдау саласының династиясын қалыптастырды. Бүгінде басқарма құрылымдарында ардагерлердің балалары, немерелері осы сара жолды жалғастыруда. Тәуелсіздік алған жылдары Теңізде «Прорва» кенішінің мұнайын тасымалдау мәселесі туындағанда 1998 жылы «Прорва» мұнай айдау станциясы жедел іске қосылып, басқарманың іскер мамандары жұмылдырылды. Міне, ширек ғасыр «Прорва» мұнай айдау станциясы Құлсары мұнай құбыры басқармасының алдыңғы қатарлы өндірістік құрылымы ретінде мұнай тасымалын жандандырып келеді. 

Мерейтойға байланысты Құлсары мұнай басқармасының ұжымы алдымен ардагерлерін ұлықтап, құрмет көрсетті. Олардың өнегелі ісін жас ұрпақ жадында қалдыру үшін естеліктерін тыңдады. Бүгінгі мұнай тасымалы технологиясы бұрынғымен салыстыруға келмес. Сол кезеңдегі қиындық болмаса, ардагерлердің ерен де қажырлы еңбегі болмаса мұнай тасымалдау жеңілдемес еді. Кездесуде жас мамандар осыны ұқты. Осылайша, құлсарылық мұнайқұбыршылар өндірістік құрылымдардың мерейтойларын ардагерлерін құрметтеп, озаттарын ұлықтап, болашаққа жергілікті мұнай тасымалынан тарихи тәлім алатындай шарамен атап өтті.  

Санаттар: Компания өмірі
Реакция:
Серiктестер