Маңғыстау мұнай құбыры басқармасына қарасты «Қаражанбас» мұнай айдау станциясында спорт алаңы бой көтерді.
Көпфункционалды замануи спорт алаңы волейбол, шағын футбол және баскетбол ойнауға арналған. Мақсат – 15 күн бойы үйден шалғайда вахталық әдіспен еңбек ететін мамандарды спортқа тарту, салауатты өмір салтын насихаттау, жұмыстан бос уақытты тиімді және денсаулыққа пайдалы етіп өткізуге мүмкіндік жасау. Спорт алаңының лентасын Маңғыстау МҚБ бастығының орынбасары Ерлан Аманжолов және «Қаражанбас» МАС бастығы Нұржан Әділгереев қиып, жұмысшыларды құттықтап, сәттілік тіледі.
Бұл - спорт алаңы бой көтеріп отырған Маңғыстаудағы екінші вахталық өндіріс нысаны. Бұған дейін «Қаламқас» бас мұнай айдау станциясында салынды. Енді 15 күн бойы вахтада еңбек ететін жұмысшылар жұмыстан бос уақытта спортпен шұғылдануға, шынығуға, спартакиадаларға «Қаражанбас» станциясының жеке командасын дайындап, қатысуға мүмкіндік алып отыр. «Қаламқас-Қаражанбас-Ақтау» мұнай құбырымен Бозашы мұнайын тасымалдауға үлес қосып келе жатқан «Қаражанбас» станциясының 145 мұнайшысы алғысын жеткізді.
«Бұл – компаниямыз үшін өте маңызды жоба. Маңғыстауда вахтамен еңбек ететін екі станциямызда да енді спорт алаңдары бар. Жұмысшылардың жұмыстан кейінгі бос уақытын тиімді пайдалануы үшін өте маңызды жоба деп білеміз. Компания басшылығына рахмет», - дейді Маңғыстау мұнай құбыры басқармасы бастығының орынбасары Ерлан Аманжолов.
«Компаниямызда жұмысшыларымыздың әлеуметтік жағдайына баса назар аударылады. Жұмыстан кейінгі уақытты тиімді өткізуге мүмкіндік туып отыр. Көптеген жігіттеріміз спорт сайыстарында алдыңғы орындардан көрініп жүр. Абай Сақтағанов, Шыңғысхан Тәшібай сияқты жігіттеріміз спартакиадалардан орын алып жүр. Алдағы уақытта да барлық жігіттерге шынығуға жақсы жағдай жасалып отыр. Қуаныштымыз», - дейді «Қаражанбас» МАС бастығы Нұржан Әділгереев.
«Керемет, замануи спорт алаңы салынды. Жұмыстан кейін осындай алаңда спортпен айналысуға мүмкіндік туып отыр. «Тәні саудың – жаны сау» деген, өте қуаныштымыз. Компания басшылығына рахмет», - дейді «Қаражанбас» БӨАжәнеА слесарі Шыңғысхан Тәшібай.