Маңғыстау мұнай құбыры басқармасы өндірістік қызмет көрсету базасының өндірісті дайындау тобының жетекшісі Жамбыл Серікбай Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың Алғыс хатымен марапатталды. Алғыс хатты облыстық еңбек инспекциясының бастығы Әлігер Іңкәров табыстап, құттықтады.
Әріптесіміздің кандидатурасын марапатқа ұсынған инспекция басшылығы Жамбыл Серікбайдың еңбегін атап өтті. «ҚазТрансОйл» АҚ - «Еңбек жолы» конкурсына белсенді қатысып келеді. Жамбыл Серікбай – 2020 жылғы «Еңбек жолы» байқауының аймақтық кезеңінің 1 - орын иегері және «Жұмысшы жастардың үздік тәлімгері» аталымының жеңімпазы атанған еді. Шәкірттері - көптеген кәсіби байқау жеңімпаздары. Енді, міне, нағыз еңбек адамы ретінде Маңғыстау облысының әлеуметтік – экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Құттықтаймыз!», - деді инспекция бастығы Ә.Іңкәров.
Жамбыл Серікбай - «ҚазТрансОйл» АҚ жүйесінде 17 жылдан бері еңбек етеді. 2006 жылдан бастап техникалық қадағалаушы ретінде «Үздік маман» конкурсына қатысады. 2014 жылдан бастап технологиялық жабдықты жөндеу слесары мамандығы бойынша «Үздік маман» конкурсына жас мамандарды даярлай бастайды. Шәкірттері халықаралық «Үздік маман» байқауында жеңімпаз және жүлдегер атанып жүр.
2019 жылы Атыраудағы халықаралық байқауда Нұрмұханбетәлі Лұқпанов - слесарьлар арасында технологиялық жабдықтарды жөндеу бойынша 1 орынды иеленіп, Ресей, Беларусь, Қытай, Украина сияқты елдердегі қатысушылардың ішінен суырылып алға шықты. Бүгінде ол – өндірістік қызмет көрсету базасында технологиялық жабдықтарды жөндеу бойынша аға шебер.
Тағы бір шәкірті, бүгінде «Жетібай» МАС бастығының орынбасары Асхат Ержанов 2014 жылы Беларусьтегі Гомель қаласында өткен халықаралық байқауда 3 - орынды жеңіп алды. «Бейнеу» ЖӨДС «Сай Өтес» мұнай қыздыру станциясының бастығы Ғамзат Қартбаев 2017 жылы Павлодар қаласында өткен компания жұмысшылары арасынан 2 - орынды иеленді. Ал биыл Уфада өткен халықаралық сайыста шәкірті Самат Төленов 2 – орынды алды.
«Тек қана бірінші орын! Әрбір «Үздік маман» байқауына тек осындай мақсатпен қатысамыз. Тәлімгер ретінде менің жетістік формулам – дұрыс психологиялық әзірлік пен жеңімпаз рухты дайындау. Байқауға дайындайтын маманды қалай қателеспей таңдауға болады? Мысалы, жас мамандарды жұмыс кезінде бақылап, 2-3-уін қаперіме алып жүремін, яғни оны мықты қатысушы немесе байқаудың жеңімпазы деп қарастырамын. Ең бастысы, маманның өзінің де талпынысы болуы керек. Ол тек теориялық және тәжірибе жағынан ғана емес, есте сақтау жағынан да мықты болуы керек. Әрине, сосын жылдам қимылдауы керек. Сондай-ақ, моральдық-психологиялық дайындығы да қажет. Өзге аймақта, басқа жұмыс орнында жарысқа қатысып, әділқазылардың бақылап отырғанына қарамастан, сен санаулы уақытта тез бейімделіп, байқаудың тапсырмасын орындап шығуың керек. Тіпті сәтсіздікке ұрынсаң да, сасқалақтамай тез жинақталып, сорғыны жинақтауды сапалы түрде жалғастырып, қауіпсіздік техникасы ережесін бұзбауың тиіс. Көптеген шәкірттерімнің осы кәсіби байқаудың жеңімпазы екендігіне қуанамын әрі мақтан тұтамын» - дейді тәлімгер Жамбыл Серікбай.
Бүгінде ол жұбайы Күлшаханмен бірге 4 бала тәрбиелеп отыр. Балаларының әрбір жетістігіне қуанады. Үлкен қызы М.Тынышпаев атындағы университетті бітіріп, жұмыс жасауда. Ұлы – қазақ-британ техникалық университетінің студенті. Одан кейінгі қызы экономикалық лицейдің 10 - сынып оқушысы. Ал кіші қызы 1 – сыныпта оқиды.
«Сен үшін ешкім ұялып, жерге қарамауы керек!» Бұл - менің өмірлік ұстанымым. Кім болсаң да, қайда жұмыс істесең де – сен үшін ешкім ұялмауы керек – балаларың, туысқандарың, әріптестерің, шәкірттерің. Тәлімгерлік жүйесін дамытуға қатысып әрі жас мамандардың жаңа буынын дайындап жатқаныма қуанамын. Меніңше, халықтың игілігіне лайық еңбек етуге ұмтылып, арыңа дақ түсірмей өмір сүру – ең бастысы» - дейді Жамбыл Серікбай.
Алтынгүл Меңдіхан