Жақында компанияның әлеуметтік-еңбек қатынастары және жалпы мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Ғазиз Қошанов Павлодар мұнай құбыры басқармасында болып, еңбек ұжымдарымен кездесті. «ҚазТрансОйл» Астанада емес, жергілікті жерлерде» деп атап өткен ол құрылымдық бөлімшелерде мұнайқұбыршылардың үздіксіз мұнай тасымалы процесін жүзеге асырудағы еңбектерін ерекше атап өтті.
Жиын барысында компанияның әлеуметтік әлеуетіне тоқталған Ғазиз Жақанұлы жалақы төлеу жүйесіндгі оң өзгерістер мен қоғам деңгейінде атқарылып жатқан жұмыстар жайлы әңгімеледі. Вахталық әдіспен еңбек ететін мұнайқұбыршылар үшін қолға алынған тұрмыстық жайлылықтар да сөз болды. Мәселен қазіргі күні Екібастұз, Степное, Шағыр, тағы да басқа құрылымдық бөлімшелерде санитарлық-тұрмыстық кешен құрылыстары жүргізілуде. Былтыр компания бойынша 10 әмбебеп спорт алаңы ашылса, ағымдағы жылы тағы да осындай бес алаң салынады деп күтілуде. Жұмысшылардың кәсіби білім алуларына да көп көңіл бөлінген.