KZTO 814,00 (-0,35%)
KASE «ҚазТрансОйл» АҚ акциялары 814,00 (-0,35%)

Жалпы ұзындығы 6,1 км құрайтын «Павлодар – Шымкент» магистральдық мұнай құбырының учаскелері қайта жаңғыртудан кейін пайдалануға берілді

 02.07.2024    669
Павлодар мұнай құбыры басқармасының ұжымы жақында «Павлодар-Шымкент» магистральдық мұнай жолының жалпы ұзындығы 10,6 шақырымды (218 – 228,6 км) құрайтын су басатын участогіндегі құбырды ауыстырды.  Нақтылап атап айтар болсақ,  магистральдық мұнай құбырының 219,7 – 221,1 шақырымы және 224,3 – 229,0 шақырымы аралықтарындағы бөліктері ауыстырылып, негізгі магистральға қосылды. Ол үшін өндірістік жоспар бойынша мұнай тасымалы 72 сағатқа тоқтатылып, осы уақыт аралығында келелі іс жүзеге асырылды. Аталмыш жұмыстар мұнай құбырын пайдаланудағы сенімділікті арттыру, іркіліссіз тасымалды қамтмасыз ету мақсатында инвестициялық бағдарлама аясында жүзеге асырылғанын атап өткен абзал. Сонымен қатар компанияның меншікті активтерін жаңарту көзделген.

Кешенді шара атқарылған төрт участокте жұмысшылар бригадалары ұйымдастырылды. Үш участокте павлодарлық мұнайқұбыршылар жұмыс істесе, бір участокте Қарағанды мұнай құбыры басқармасының мамандары еңбек етті. Құбыр бөлігіндегі мұнайды азотпен ығыстырып босату мақсатында павлодарлық, сонымен қатар Маңғыстау және Атырау мұнай құбыры басқармаларының компрессорлық қондырғылар және азоттық-компрессорлық қондырғылар машинистері тартылды. Қарағанды, Шымкент және Жезқазған басқармаларынан арнайы техникалар көмекке келді. Мәселен төрт участокте он екі кран жұмыс істегенін де атап өту керек. Іске қосылған участоктер аумағы  байланыс жүйесімен қамтамасыз етілді. Тәулік бойы медициналық қызмет көрсету бригадасы жұмылдырылды және мамандар үш мезгіл тамақпен қамтылды. Барлық жұмыстар магистральдық мұнай құбырларын пайдалануға арналған стандарттар мен еңбек және өнеркәсіптік қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтай отырып жүргізілді.

-Жаңадан салынған участоктерді іске қосу жұмыстарының барлығы алдын ала құрылған жоспарға сәйкес атқарылды. Адамдар күні-түні үзіліссіз еңбек етті. Осы уақытта ауа райының қолайсыздығына қарамастан алдымызға қойған мақсатқа қол жеткіздік. Жаңа участоктерді іске қосуға қатысқан барлық мұнайқұбыршыларға алғыс білдіреміз, - дейді Павлодар басқармасының бастығы Еркін Сүйіндіков.
 
Санаттар: Компания өмірі
Реакция:
Серiктестер