KZTO 824,98 (-0,36%)
KASE «ҚазТрансОйл» АҚ акциялары 824,98 (-0,36%)
Brent ()
WTI ()
0
0
0

Қытай Халықаралық құбыр компаниясы - SPI жұмыс тобы «Аман» мұнай айдау станциясында болды

 15.07.2024    42
Қытай Халықаралық құбыр компаниясы- SPI бас директорының орынбасары Хань Цзяньцян бастаған жұмыс тобы «Кеңқияқ-Атырау» мұнай құбыры учаскесі реверсінің бірінші кезеңінің екінші сатысында жаңа салынған «Аман» мұнай айдау станциясына келіп, нысанның мұнай айдаудағы технологиялық мүмкіндігі барысымен және 3-ші іске қосу кешені жұмысымен танысты.   
 
«Аман» мұнай айдау станциясына Қытай Халықаралық құбыр компаниясының делегациясымен бірге, Қазақстан-Қытай мұнай құбыры серіктестігінің өкілдері де келді. Делегацияны «Мұнайтас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің және станцияға қызмет көрсететін Батыс операторлық қызметтер көрсету басқармасының басшылығы күтіп алып, станция жұмысымен таныстырды. «Аман» мұнай айдау станциясы 2021 жылы қолданысқа берілген. Кеңкияққа дейінгі аралық станция Батыс Қазақстан өңірінен өндірілетін мол мұнайды Оңтүстік пен Шығысқа жеткізетін, ары қарай эспортқа шығаруға мүмкіндік беретін теңдессіз жоба.
 
Қытай делегациясы алдымен станцияның аумағында орналасқан технологиялық қондырғыларды аралап көрді. Магистральды сорғы нысанында автоматтандырылған 4 сорғы орналасқан. Оның екеуі үздіксіз жұмыс атқарады, ал, екеуі резервте тұрады. Қытай өкілдеріне сорғылардың қуаттылығы, тәулігіне 17 мың тоннаға дейін мұнай қабылдап, айдауға қауқарлы екені айтылды. Одан соң станцияның тұрмыстық қажетіне пайдаланатын су тарту жүйесімен танысты. Тұрмыстық қажеттілікке 120 метрден тартылатын жер асты суы пайдаланылады. Оның тазарту жүйесі замануй сүзгілермен және сорғылармен жабдықталған.
 
Барлық технологиялық жүйе басқарылатын операторлық орталықтың жұмысы да егжей-тегжейлі таныстырылды. Мұнда екі оператор тәулік бойы мұнай қозғалысын бақылайды. Тағы бір ерекшелік, станциядағы технологиялық режим ашық жүреді - станцияға келетін мұнай көлемі, технологиялық сызбасы туралы ақпарат осы операторлық орталыққа жиналады. Тап осындай ақпарат Астана қаласындағы бас диспетчерлік орталыққа да түсіп отырады. Бұл шалғай станция болса да замануи интернеттік жүйемен толық қамтамасыз етілгенін көрсетеді. Тағы бір оңтайлылығы, кез келген жағдайда оперторлар бас диспетчерлік басқармадан тікелей байланыста онлайн кеңес ала алады. Қытайлық өкілдер осы операторлық орталықтан барлық технологиялық жүйенің жұмыс істеу процесін бақылап көрді.
 
Одан соң делегация 3-ші іске қосу кешенін аралап көрді: мұнда асхана, әкімшілік-тұрмыстық кешен, жатақхана, материалдар қоймасы мен арнайы техникаларға арналған гараж, спорт алаңы құрылысы аяқталып жатыр. Жұмыс тобы іске қосылғалы тұрған асхана, жатақхана ішін аралап көрді. Кешенге қажетті жабдықтар толықтай әкелінген. Осы кешенде жұмысшылардың демалысы мен тұрмысы қалай ұйымдастырылатыны таныстырылды.   
 
Қытай делегациясы станцияның жұмысы, жаңа кешеннің құрылысымен танысқан соң, қорытынды жиналыс өткізді. Жиналыста аспан асты елінің ірі халықаралық мұнай құбыры компаниясының өкілдері станцияның мұнай экспортындағы әлеуеттік маңызын атап өтті. Сонымен қатар, жұмыс тобын бастап келген SPI бас директорының орынбасары Хань Цзяньцян станцияға қызмет көрсететін «ҚазТрансОйл» компаниясы персоналының кәсіби білігі мен жауапкершілікпен атқарып отырған жұмысына жоғары баға берді. Және жыл аяғына дейін 3-ші іске қосу кешенінің құрылысы аяқталарына сенім білдірді. Ол өз тарапынан оның аяқталуына барынша қолдау жасайтынын жеткізді.                  
 
Санаттар: Компания өмірі
Реакция:
Серiктестер