«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов 5 қыркүйекте Астанада өткен салтанатты жиналыста «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ ұжымын және оның еншілес компанияларын кәсіби мерекемен және қазақстандық мұнайдың 125 жылдығымен құттықтады. Саланың еңбек сіңірген қызметкерлері төсбелгілермен және Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Олардың қатарында «ҚазТрансОйл» АҚ Маңғыстау мұнай құбыры басқармасының апатты-қалпына келтіру пунктінің желілік құбыршысы Серікқали Көпешев те бар. Салтанатты шарада Асхат Хасенов әріптесімізге ҚР Энергетика министрлігінің «Еңбек ардагері» медалін табыс етті.
Іс-шарада Асхат Хасенов Тәуелсіздік жылдарында мұнай-газ саласы ұлттық экономиканың драйверлерінің біріне айналғанын атап өтті.
«125 жыл – бұл тек саланың ғана емес, бүкіл елдің табыс тарихы. ҚазМұнайГаз компаниясы мұнай секторын одан әрі дамытуға сенімді түрде қадам басуда. Қазақстан үшін мұнай – бұл жай ғана ресурс емес, елдің өркендеуі мен ілгерілеуінің маңызды факторы», - деді Хасенов. Ол әрбір қазақстандық мұнайшының елдің дамуына елеулі үлес қосып отырғанын айта кетті.