Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «ҚазТрансОйл» АҚ қызметкерлері еліміздің түрлі өңірлерінде экологиялық жағдайды жақсартуға және көгалдандыруға бағытталған іс-шараларға белсенді түрде қатысып келеді.
Атап айтқанда, Атырау облысынан сайланған Мәжіліс депутаттарының бастамасымен Атырау мұнай құбыры басқармасының ұжымы Жайық өзенінің жағалауында көгалдандыру жұмыстарын жүргізді. Іс-шара барысында өңірдің құрғақ желі мен төмен температурасына төзімді 170 түп ағаш көшеті отырғызылды. Көгалдандыру жұмыстары өндірістік нысандарда да, қалалық инфрақұрылым аумағында да жалғасын табатын болады.
Шымкент мұнай құбыры басқармасының қызметкерлері де бұл бастамадан шет қалған жоқ. Ұжым сенбілік ұйымдастырып, әкімшілік ғимарат пен басқару станциялары аумағында кең ауқымды тазалау жұмыстарын жүргізді. Қызметкерлер табиғатты қорғауға жеке үлес қосудың маңыздылығын атап өтіп, шараға үлкен ынтамен атсалысты.
Батыс операторлық қызметтер көрсету басқармасының ұжымы акция аясында және Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында әкімшілік ғимарат аумағына ағаш отырғызды.
Жалпы, «ҚазТрансОйл» АҚ ұжымы акция басталғалы бері экологиялық сенбіліктерге белсенді қатысып келеді. Компанияның Шығыс операторлық қызметтер көрсету басқармасы қайың ағаштарын отырғызса, Ақтөбе мұнай құбыры басқармасынан сенбілікке 85 адам, Жезқазған мұнай құбыры басқармасынан 40 адам қатысқан.
Көктемде отырғызылған ағаштарға қызметкерлер өздері күтім көрсетеді. Көгалдандыру және сенбілік жұмыстары ұжым тарапынан алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.