KZTO 807,00 (-0,06)
KASE «ҚазТрансОйл» АҚ акциялары 807,00 (-0,06)

Энергетика министрлігінің мемлекеттік саясаты аясында «ҚазТрансОйл» АҚ энергия тұтынуды төмендетуде

 30.07.2025    148

2025 жылдың бірінші жартыжылдығында жүк айналымының 2,2%-ға өсуі кезінде, жүк айналымының бірлігіне шаққандағы энергияның меншікті шығыны 4,23-тен 4,16 шартты отын тоннасына (ш.о.т.) дейін төмендеді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,65%-ға аз. Аталған көрсеткіш компанияның операциялық тиімділігінің артқанын растайды.

«ҚазТрансОйл» АҚ-та энергия тиімділігін арттыру бойынша жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша компания 2023 жылмен салыстырғанда барлық энергия ресурстарының жалпы тұтынуын 2,8%-ға немесе 3 898 шартты отын тоннасына (ш.о.т.) қысқартты. Бұл көрсеткішке магистральдық мұнай құбырларының жұмыс режимдерін оңтайландыру, «Өзен – Жетібай – Ақтау» және «Өзен – Атырау – Самара» бағыттарындағы «ыстық» мұнай құбырларына арналған температуралық карталарды пайдалану, сондай-ақ «Жетібай» және «Павлодар» мұнай айдау станцияларындағы сорғы агрегаттарын жаңғырту арқылы қол жеткізілді.

2025 жылдың бірінші жартыжылдығында дәл осындай сорғы агрегаттарын ауыстыру жұмыстары Т.Қасымов атындағы мұнай айдау станциясында және «Қаламқас» бас мұнай айдау станциясында да жүзеге асырылды. Энергия шығындарының азаюы компанияның энергия тиімділігін арттыруға ғана емес, сонымен қатар мұнай тасымалдау жүйесінің жалпы тұрақтылығын күшейтуге де ықпал етеді.

Компания ұстанып отырған тәсіл Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 28 наурыздағы қаулысымен бекітілген 2023–2029 жылдарға арналған Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру тұжырымдамасының мақсаттарына толық сәйкес келеді. Осы стратегия аясында «ҚазТрансОйл» заманауи технологиялық шешімдерді енгізіп келеді.

Атап айтқанда, компанияда жоғары тұтқыр мұнай қоспаларын, реологиялық сипаттамасы күрделі және қату температурасы оң мәнге ие мұнайды тиімді айдауды қамтамасыз ету үшін «ыстық» мұнай құбырларына арналған температуралық режимдердің технологиялық картасы әзірленіп, енгізілді. Бұл шешім мұнай айдау процесінің қажетті параметрлерін энергия тұтынудың оңтайлы деңгейінде сақтауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ «ҚазТрансОйл» АҚ-та мұнай айдау станцияларындағы барлық сорғы агрегаттарының пайдалы әрекет коэффициенті тұрақты түрде талданады, энергия тұтынуды азайту бойынша ұсынымдар әзірленеді. Сонымен қатар, сорғылардың нақты техникалық сипаттамалары паспорттық көрсеткіштермен салыстырылады. Талдау нәтижелері бойынша энергия тиімділігі жоғары жабдықтарға ауыстыру жұмыстары жүргізіледі.

Компанияда мұнайды тасымалдау барысында энергия тұтыну деңгейін төмендету бойынша жұмыстар тұрақты түрде жүргізіледі. Мәселен, «Өзен – Атырау – Самара» магистральдық мұнай құбыры арқылы мұнай айдау режимдерін оңтайландыру нәтижесінде, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында «ыстық» мұнай құбырларында жүк айналымына шаққандағы газдың меншікті шығыны 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 0,8%-ға төмендеп, 5,23-тен 5,19 мың м³/млн тонна*км деңгейіне дейін азайды.

Серiктестер