«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басшысының мұнайшылар күнімен құттықтауы

04.09.2020    Көрулер: 87
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Құрметті әріптестер! Сіздерді Қазақстан Республикасының мұнай-газ кешені қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын. Сіздерге зор денсаулық, жұмыстарыңызға табыс, отбасыларыңызға амандық, ырыс-береке тілеймін.

Кәсіби мереке – мұнайшылар еңбегіне көрсетілген зор құрметтің белгісі! Сіздер ауыр өнеркәсіптің барлық жауапты буындарында аянбай еңбек етіп, ел ырысын арттыруға елеулі үлес қосып келесіздер.

Қазақстан экономикасында мұнай-газ саласының маңызы зор. Еліміз 120 жылдан астам уақыттан бері жер нәрін игеріп, отандық өндірістің берік негізі қаланды. Кешегі күннің қиындығын ардагер мұнайшылар еңсеріп, олардың жолын озық технологияларды меңгерген жаңа буын жалғастыруда.
Мұнай-газ саласы уақыт ағымымен дамып келеді. Қазба қор байлығын молайтып, өндіріс қарқынын арттыруда жұмылып еңбек ету – біздің ортақ міндетіміз. «Ырыс алды ынтымақ» дейді дана халқымыз. Бұл ретте еңбек ұжымдарында өзара сыйластық қарым-қатынастардың қалыптасуы өндіріс тиімділігі мен өнімділігін арттыруға септік етеді.

Қазіргі уақытта еліміз, оның ішінде мұнай-газ саласы әлемді жайлаған індет пен мұнай бағасының құлдырауына байланысты көптеген қиындықтарға тап болды. Осындай қиын шақта барлық әріптестеріміз қайсар мінез бен күш-жігер, жоғары жауапкершілікті танытып, табандылықпен еңбек етті. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді». Қашанда ынтымақ-бірлігіміз, бір-бірімізге деген жанашырлығымыз азаймасын. Атап өтер жәйт, осындай қиын кезеңде еңбекпен қатар қарапайым халыққа қол ұшын созып, қайырымдылық жасаған барлық мұнайшыларға алғысымды білдіремін. Сіздер ел басына түскен ауыртпашылықты бірге бөлісіп, күшпен де, қаражатпен де жан-жақты қолдау білдірдіңіздер. Мұндай ізгілікті істен «ҚазМұнайГаз»-ға қарасты компаниялар мен кәсіпорындар да тыс қалған жоқ.

Әлемдік экономикалық дағдарыс «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясын да айналып өткен жоқ. Біз дереу қимылдап, дағдарысқа қарсы бағдарламаны әзірлеп, шығындарды қысқарттық. Бұл ретте орталық аппаратта өзгерістер болып, штат саны азайтылды. Алайда біз өндірістегі жұмыс орындарын сақтап қалдық. Себебі «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы өндіріс өзегінде қызмет етіп жүрген қарапайым еңбек адамдарына басымдылық беріп отыр. Алдымызда әлі талай қиындықтарды еңсеріп, дағдарыстан кейін ел экономикасын қалпына келтіру жоғары міндеттері тұр. Ендігі мақсат – ел ертеңі, халықтың кемел болашағы жолында қажырлы еңбек етіп, өз үлесімізді қосу.

Қадірлі мұнайшылар! Кәсіби мереке құтты болсын! Жарқын жетістіктерге бірге жете берейік! Алға қойған міндеттерімізді абыроймен жүзеге асыру жолында сәттілік тілеймін! Еліміз аман болсын, өсіп-өркендей берсін!

Алик Айдарбаев,
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы


Басқа жаңалықтар