«ҚазТрансОйл» АҚ-тың 2021-2025 жылдарға арналған магистральдық құбырлар жүйесі бойынша ҚР ішкі нарығына мұнай айдау тарифтерін қайта қарау бойынша жария тыңдаулар өтті

02.11.2020    Көрулер: 292
Дереккөз: Баспасөз қызметі

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті «ҚазТрансОйл» АҚ-тың 2021-2025 жылдарға арналған магистральдық құбырлар жүйесі бойынша Қазақстан Республикасының ішкі нарығына мұнай айдау жөніндегі реттеліп көрсетілетін қызметке тарифті, тарифтік сметаны және инвестициялық бағдарламаны бекітуге «ҚазТрансОйл» АҚ өтінімін қарау бойынша жария тыңдау өткізді.

Жария тыңдауларға Парламент Мәжілісінің депутаттары, «ҚазТрансОйл» АҚ басшылығы, мемлекеттік органдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және басқа да мүдделі тұлғалар, сондай-ақ қызметтерді тұтынушылар қатысты.

ТМРК төрағасының орынбасары Ерболат Ыбырайхановтың айтуынша, жария тыңдауларды өткізудің мақсаты - жариялылықты, хабардар болуды, тұтынушылар мен табиғи монополиялар субъектілері мүдделерінің балансын сақтауды, «ҚазТрансОйл» АҚ-тың ішкі нарыққа мұнай айдау жөніндегі қызметтерге арналған өтінімдерін қарау рәсімінің ашықтығын қамтамасыз ету болып табылады.

«ҚазТрансОйл» АҚ бас директорының орынбасары Жайық Махиннің ақпараты бойынша, табиғи монополиялар туралы заңнамаға сәйкес ішкі нарыққа мұнай айдау бойынша реттеліп көрсетілетін қызметке тариф 5 жылға белгіленеді. Оның қолданылу кезеңінің аяқталуына байланысты «ҚазТрансОйл» АҚ ТМРК мен ҚР ЭМ-ге 2021-2025 жылдарға арналған жаңа тарифтерді, тарифтік сметаларды және инвестициялық бағдарламаны бекітуге өтінім берді.

Жария тыңдаулар барысында қатысушылар субъектінің тарифтері мен тарифтік сметаларының жобаларына қатысты өздерін қызықтыратын сұрақтарды қойып, оларға жауаптар алды

Ерболат Ыбырайхановтың айтуынша, тарифті бекіту туралы түпкілікті шешім «ҚазТрансОйл» АҚ өтінімін табиғи монополиялар туралы заңнамада белгіленген мерзімде және тәртіпте қарау қорытындылары бойынша қабылданатын болады.

Елордада карантиндік шаралардың күшеюіне байланысты жария тыңдаулар Комитеттің Facebook-тегі ресми парақшасында және ZOOM платформасында көрсетілді, онда әрбір қатысушы нақты уақыт режимінде субъектінің өтінімі бойынша сұрақ қоя алды.

 
Анықтама:

«ҚазТрансОйл» АҚ - Қазақстан Республикасының магистральдық мұнай құбыры бойынша ұлттық операторы. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ тобына кіреді. Ұзындығы 5,4 мың км құрайтын магистральдық мұнай құбырларының әртараптандырылған желісіне ие болып келеді. Мұнайды қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарына және экспортқа келесі бағыттар бойынша тасымалдайды: «Өзен-Атырау-Самара» магистральдық мұнай құбырының «Атырау-Самара» учаскесі, «Қазақстан-Қытай құбыры» ЖШС жүйесіне ауыстырып тиеу («Атасу-Алашанькоу» мұнай құбыры), Ақтау порты (мұнайды танкерлерге құю), «Каспий Құбыр Консорциумы-Қ» АҚ жүйесіне ауыстырып тиеу, «Шағыр» МҚП және Т.Қасымов атындағы МАС  теміржол цистерналарына мұнай құю. «ҚазТрансОйл» АҚ-тың өндірістік объектілері Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды, Қызылорда, Алматы, Түркістан, Солтүстік Қазақстан облыстарында, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында орналасқан.
 
«ҚазТрансОйл» АҚ
жұртшылықпен байланыс және ішкі коммуникациялар департаменті


Басқа жаңалықтар