«ҚазТрансОйл» АҚ мұнай тасымалдау кестесін қалыптастыру процесін сандық жүйеге көшіру жүйесі аясында магистральдық мұнай құбырларының техникалық өткізу қабілетінің бар екенін Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ақпараттық жүйесінде алдыңғы есептік кезеңдегі айдың оныншы күніне дейін ай сайын растайды. Тиісті өзгерістер магистральдық мұнай құбырлары бойынша мұнай тасымалдау кестесін құру Ережелеріне енгізілді.
Құжаттың жаңа редакциясына сәйкес, Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ақпараттық жүйесінде магистральдық мұнай құбырлары арқылы мұнай тасымалдау кестесі әзірленеді.
Бұл ретте мұнайды қабылдау-тапсырудың әрбір пункті бойынша бөле отырып, осы кестені құру көзделген. Мұнай жеткізу деректерінің нақтылануы «ҚазТрансОйл» АҚ мен жүк жөнелтушілер арасындағы өзара әрекеттесу жеделдігі мен тиімділігін арттырады. Айта кетерлігі, «ҚазТрансОйл» АҚ 62 қабылдау-тапсыру пунктінде мұнай қабылдау және тапсыру операцияларын жүзеге асырады, оның 11-і «ҚазТрансОйл» АҚ-ға тиесілі.
Мұнайды магистральдық мұнай құбырлары арқылы тасымалдау кестесінен үзінді көшірмелер «ҚазТрансОйл» АҚ-ға, мұнай компанияларына, мұнай тасымалдау ұйымдарына Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ақпараттық жүйесі арқылы электрондық түрде берілетін болады.
2025 жылдың наурыз айында «ҚазТрансОйл» АҚ клиенттермен мұнай тасымалдау бойынша өзара іс-қимыл жүргізуге арналған корпоративтік ақпараттық жүйесін Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ақпараттық жүйесімен интеграциялауды жоспарлап отыр.