KZTO 807,50 (+0,20)
KASE «ҚазТрансОйл» АҚ акциялары 807,50 (+0,20)

«ҚазТрансОйл» АҚ өндірістік аймақтарда әлеуметтік-тұрмыстық нысандарды салу жобаларын жүзеге асыруда

 29.07.2025    177

«ҚазТрансОйл» АҚ вахталық әдіспен еңбек ететін қызметкерлерге қолайлы жағдай жасау, шалғайдағы өндірістік аймақтарда тиімді жұмыс ортасын қалыптастыру және корпоративтік мәдениетті дамыту мақсатында әлеуметтік-тұрмыстық нысандар салу жобаларын жүзеге асыруда.

Қазіргі уақытта үш әкімшілік-тұрмыстық кешен мен үш әмбебап спорт алаңының құрылысы жүргізілуде.

Қарағанды мұнай құбыры басқармасына қарасты «Степное» мұнай айдау станциясында 32 орынға арналған қызметтік-тұрмыстық корпустың құрылысы жалғасуда. Жалпы ауданы 2 800 м²-ден асатын бұл ғимаратта тұрғын және жұмыс бөлмелері, 30 орындық асхана, медициналық пункт, сондай-ақ қызметкерлердің жайлы өмір сүруі мен еңбек етуіне қажетті өзге де аймақтар қарастырылған.

Маңғыстау мұнай құбыры басқармасына қарасты «Қаражанбас» мұнай айдау станциясында жалпы ауданы шамамен 3 240 м² болатын екі қабатты модульдік қызметтік-тұрмыстық ғимараттың құрылысы жүріп жатыр. Қазіргі уақытта ғимараттың монтаждау және фасадты қаптау жұмыстары аяқталды. Ішкі әрлеу жұмыстары мен сыртқы инженерлік коммуникацияларды жүргізу жұмыстары жалғасуда.

Шымкент мұнай құбыры басқармасына қарасты «Шағыр» магистралдық мұнай құю пунктінде жалпы ауданы 1 200 м²-ден асатын, 30 орынға арналған үш қабатты әкімшілік-тұрмыстық кешеннің құрылысы жүзеге асырылуда. Ғимаратта әкімшілік және тұрмыстық мақсаттағы бөлмелер, сондай-ақ 32 орындық асхана қарастырылған. Қазіргі уақытта негізгі құрылыс және әрлеу жұмыстары аяқталып, шатыр жабу мен аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

Бұдан бөлек, салауатты өмір салтын қалыптастыру мәдениетін дамыту және ұжымдық рухты нығайту мақсатында әмбебап спорт алаңдарының құрылысы жүргізілуде. Алаңдар №3 мұнай айдау станциясында, «Әлібекмола» бас мұнай айдау станциясында және «Шағыр» мұнай құю пунктінде салынуда.

Аталған нысандарды пайдалануға беру 2025 жылдың соңына дейін жоспарланған.

Жобалар қызметкерлер үшін қолайлы және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге, белсенді демалысқа мүмкіндік жасауға, сондай-ақ өндірістік персоналдың әлеуметтік қолдау деңгейін арттыруға бағытталған. Бұл бастамалар «ҚазТрансОйл» АҚ-ның орнықты даму, еңбек қауіпсіздігі және корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік салаларындағы ұзақ мерзімді стратегиясының маңызды бөлігі болып табылады.

Компания өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту бойынша жүйелі жұмысын жалғастыра отырып, қызметкерлердің әл-ауқатына қамқорлық жасау және корпоративтік құндылықтарды нығайту қағидаттарына адалдығын сақтайды.

Серiктестер