Астанада Жұмысшы мамандықтар жылы аясында «ҚазТрансОйл» АҚ жұмысшы мамандықтарының жас өкілдері мен инженерлік-техникалық қызметкерлерінің Жастар форумы өз жұмысын бастады. Іс-шараның мақсаты – кәсіби өзара әрекеттестікті нығайту, корпоративтік мәдениетті дамыту және өндірістік салаларда еңбек ететін жас мамандарды қолдау. Форумға компанияның өңірлік құрылымдық бөлімшелерінен келген шамамен 100 жас маман қатысуда.
Қатысушылар үшін өндірістік ортадағы эмоционалдық интеллекттің рөліне арналған оқыту сессиясы ұйымдастырылды. Лекцияны EQ және адами капиталды дамыту жөніндегі сарапшы Арман Ақбердиев жүргізді. Оқыту бағдарламасы soft skills дағдыларын арттыруға, стресске төзімділікті қалыптастыруға, коммуникацияны жақсартуға және өндірістегі жанжалдардың алдын алуға бағытталған. Фокус-топтар шеңберінде жас мамандар өзекті өндірістік кейстерді талдауға кірісті — бұл компаниядағы процестерге жаңаша көзқараспен қарап, дамуға бағытталған жаңа ұсыныстар енгізуге мүмкіндік береді.
Іс-шара жас мамандардың компанияның стратегиялық міндеттерін іске асыруға белсенді қатысуын арттыруға және корпоративтік мәдениеттің амбассадорларын қалыптастыруға бағытталған. Меңгерілген білім мен soft skills дағдылары қатысушылардың өндірістік ортадағы тиімділігін арттыра түседі, ал фокус-топтарда дайындалған ұсыныстар компанияның жұмыс процестерін жетілдіруге және операциялық тиімділігін өсіруге серпін береді.
«ҚазТрансОйл» АҚ жас мамандарды қолдау және олардың кәсіби өсіп-жетілуіне жағдай жасау бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастыра отырып, кадрлық әлеуетті дамытуға және корпоративтік құндылықтарды нығайтуға деген берік ұстанымын растайды.