2023 жылдың бірінші тоқсанында «ҚазТрансОйл» АҚ Теңіз кен орнынан Ақтау порты арқылы «Баку – Тбилиси – Джейхан» мұнай құбыры бағыты бойынша экспортқа 19 221 тонна мұнай жөнелтті
Атап айтқанда, 23 наурызда Ақтау порты арқылы салмағы 9 959 тонна мұнайдың бірінші бөлігі President Heydar Aliev танкерімен жөнелтілген. Салмағы 9262 тонна мұнайдың екінші бөлігі 27 наурызда Shusha танкерімен жіберілді.
Еске сала кетсек, ақпан айының басында Түркиядағы жер сілкіністерінен кейін «ҚазТрансОйл» АҚ Джейхан теңіз терминалында жүк тиеу жұмыстарының уақытша тоқтатылуына байланысты форс-мажорлық жағдай туралы хабарлама алған болатын. Осыған байланысты 2023 жылдың ақпан айына жоспарланған Ақтау портымен Баку портына, одан әрі «Баку – Тбилиси – Джейхан» мұнай құбырына 120 мың тонна экспорттау жұмысы басталмай, тоқтатылып қалған еді.
2022 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Транскаспий дәлізі бойынша мұнай тасымалдау көлемін арттыруды тапсырды. Осы тапсырмаға сәйкес «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мен Әзірбайжан Республикасының SOCAR мемлекеттік мұнай компаниясы Теңіз кенішінен «Баку – Тбилиси – Джейхан» мұнай құбыры бағыты бойынша жылына 1,5 миллион тонна мұнай тасымалдауды көздейтін келісімге қол қойған.