Наурыз айында «Транснефть» ЖАҚ магистральдық мұнай құбырлары жүйесінен «ҚазТрансОйл» АҚ магистральдық мұнай құбырлары жүйесіне Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Өзбекстан Республикасына транзитпен тасымалдау үшін 25 мың тонна ресейлік мұнай қабылданды. Қабылданған көлемнің 10,7 мың тоннасы 2023 жылдың 1 тоқсанында жөнелтілді. Қалған 14,2 мың тонна мұнай 2023 жылдың сәуір айының басында жөнелтілді.
2023 жылы «ҚазТрансОйл» АҚ магистральдық мұнай құбырлары жүйесі арқылы Өзбекстан Республикасына ресейлік мұнай транзитінің жалпы жоспарланған көлемі 225 мың тонна деңгейінде сақталады.
«ҚазТрансОйл» АҚ магистральдық мұнай құбырлары жүйесі арқылы Ресей мұнайын Өзбекстан Республикасына айдау 2017 жылы іске қосылған. 2017 жылы транзит көлемі 67,9 мың тоннаны, 2018 жылы 36 мың тоннаны құрады. 2019-2022 жылдары Ресей мұнайының Қазақстан Республикасы арқылы Өзбекстан Республикасына транзиті жүзеге асырылған жоқ.
1 ақпаннан бастап «ҚазТрансОйл» АҚ Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Өзбекстан Республикасына транзиттік тасымалдау мақсатында Ресейден шыққан мұнайды тасымалдау қызметінің тарифін 1 тонна үшін 25,12 доллардан 27,9 АҚШ долларына дейін (ҚҚС-сыз) арттырды.
«ҚазТрансОйл» АҚ
жұртшылықпен байланыс
және ішкі коммуникациялар департаменті