Шымкент мұнай құбыры басқармасында «ҚазТрансОйл» АҚ жұмыскерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі мен Жас мамандар кеңесінің ұйымдастыруымен дәстүрлі спартакиада ойындары өтті.
Екі күнге созылған жарысқа алты команда қатысып, қатысушылар футбол, волейбол, баскетбол, шахмат, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, арқан тартыс, қол күрес және асық ату секілді ұлттық және заманауи спорт түрлерінен сайысты.
Жарыс нәтижесінде «Теріскей» командасы (Шолаққорған және Жуантөбе станциялары) қатарынан екінші жыл бірінші орынды иеленді. Екінші орын басқарма аппаратының «Достық» командасына, ал үшінші орын «Шымкент» БМАС-тың «Жігер» командасына бұйырды.
Шахматтан жеңімпаз Қайрат Абу: «Теріскей» командасы жыл сайынғы спартакиадада қатарынан екінші рет жеңімпаз атанғанымызға өте қуаныштымыз. Бұл жеңіс – ортақ еңбектің жемісі. Жарыс өте қызықты өтті, келесі жарыстарға барлық командаларға сәттілік тілеймін», – деді.
Сонымен қатар, жарыс барысында «Үздік қорғаушы», «Үздік шабуылшы» және «Үздік жанкүйер» секілді арнайы номинациялар иегерлері анықталды. Бұл дода мұнайқұбыршылардың тек кәсіби салада ғана емес, спортта да ұйымшыл әрі белсенді екенін көрсетті.
Жеңімпаздар енді құрылымдық бөлімшелер арасында өтетін келесі деңгейдегі спартакиадада басқарма намысын қорғайтын болады.