KZTO 864,99 (0,00)
KASE «ҚазТрансОйл» АҚ акциялары 864,99 (0,00)

«ҚазТрансОйл» АҚ «Павлодар – Шымкент» магистральдық мұнай құбырының Шұбарсу ауылын айналып өтетін жаңа 11 шақырымдық учаскесін іске қосты

 22.05.2025    77

«ҚазТрансОйл» АҚ Түркістан облысы Ордабасы ауданының аумағындағы Шұбарсу ауылын айналып өтетін «Павлодар – Шымкент» магистральдық мұнай құбырының диаметрі 820 мм болатын (1587–1598 км) жаңа учаскесін салу жобасын сәтті жүзеге асырды. Ұзындығы 11 шақырымнан асатын жаңа құбыр желісі 2025 жылғы 22 мамырда іске қосылды.

Жоба белгіленген мерзімнен бұрын аяқталды және құбыр жүйесінің сенімділігін арттыруға, сондай-ақ техногендік тәуекелдерді азайтуға бағытталған. Бұл жұмыс нәтижесі Шұбарсу елді мекенінің тұрғын үйлеріне жақын жердегі тозығы жеткен құбыр учаскесін пайдаланудан шығарып, мұнайды қауіпсіз және тұрақты тасымалдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Жаңа учаскені қосу үшін «Шолақ-Қорған» бас мұнай айдау станциясы – «Шымкент» ҚТП арасындағы бөлікте мұнай құбырын 72 сағатқа тоқтату жоспарланған. Барлық жұмыстар еңбек қауіпсіздігі, өнеркәсіптік қауіпсіздік және экология талаптарына толық сәйкес орындалып, мұнай айдау көлеміне әсер еткен жоқ.

Құрылыс кезінде жол жамылғысын бүлдірмей, «Самара – Шымкент» автожолын көлденең бағыттағы бағытталған бұрғылау (КББ) әдісімен кесіп өтуді қоса алғанда, заманауи инженерлік шешімдер қолданылды. Құбыр учаскесі 55 кгс/см² жұмыс қысымына есептелген.

Өндірістік міндетті орындау үшін «ҚазТрансОйл» АҚ-тың Маңғыстау, Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды, Жезқазған және Шымкент мұнай құбыры басқармаларынан, компанияның орталық аппаратынан 100-ден астам маман мен 40-тан астам арнайы техника тартылды.

Аталған құбыр учаскесінің құрылысы мен пайдалануға берілуі – «ҚазТрансОйл» АҚ-тың өндірістік активтерді жаңғырту және мұнай тасымалдаудың үздіксіздігін қамтамасыз ету жөніндегі стратегиясының бір бөлігі болып табылады.

Серiктестер