Атырау қаласында еңбекті қорғау, өнеркәсіптік қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау саласындағы тәжірибе алмасу мен өзекті мәселелерді талқылауға арналған Халықаралық Мұнай тасымалдаушылар қауымдастығының (ХМТҚ) отырысы өтті. Іс-шара барысында «КҚК» АҚ бас директоры Николай Горбаньның төрағалығымен «Қауіпсіз өндіріс мәдениеті» атты пікірталас алаңы ұйымдастырылды. Бұл алаңға Қазақстан, Венгрия, Қытай және Ресей елдерінің мұнай құбыры оператор-компанияларының қауіпсіздік бағытындағы жетекшілері қатысты.
«ҚазТрансОйл» АҚ, «КҚК» АҚ, «Транснефть» ЖАҚ, «MOL» ЖАҚ, «ҚҚҚ» ЖШС, «МұнайТас» СБҚК» ЖШС және North Caspian Operating Company өкілдері тәжірибе алмасты, сондай-ақ қауымдастыққа мүше барлық компанияларда қауіпсіз өндіріс мәдениетін дамытуға бірыңғай тәсілдерді қалыптастыруға мүмкіндік беретін деректер алмасу әдістемесін талқылады.
Кездесуде компания атынан өкілдік еткен «ҚазТрансОйл» АҚ өнеркәсіптік қауіпсіздік, еңбекті қорғау және төтенше жағдайлар департаментінің директоры Асқар Кабуловтың айтуынша, «ҚазТрансОйл» басқа қатысушылар сияқты өндірістегі жарақаттану деңгейін нөлге дейін төмендетуге ұмтылады. Сондай-ақ компания еңбек қауіпсіздігі мен мәдениетін бүкіл Халықаралық Мұнай тасымалдаушылар қауымдастығы аясында арттыруға ықпал ететін мұндай кездесулерді қолдайды.
Отырыстың аясында қатысушылар «КҚК-Қ» АҚ «Атырау» МАС-на және «ҚазТрансОйл» АҚ Атырау МҚБ-на қарасты Н. Шманов атындағы мұнай айдау станциясына барды. 1969 жылы пайдалануға берілген бұл мұнай айдау станциясы толық модернизациядан өткен заманауи нысандардың бірі болып табылады. Станция мұнайды «Өзен – Атырау – Самара» магистральды мұнай құбыры арқылы, Атырау мұнай өңдеу зауытына жеткізуді, сондай-ақ «МұнайТас» СБҚК» ЖШС-нің «Кеңқияқ – Атырау» мұнай құбырына мұнайды ауыстырып құю арқылы отандық ПМХЗ мен ПҚОП зауыттарына және КХР экспортқа тасымалдауды қамтамасыз етеді.
Халықаралық делегацияға станцияның өндірістік қуаттары таныстырылды: автоматтандырылған сорғылардың, мұнайды жылытуға пунктері, буларды рекуперациялау қондырғысының және резервуарлар паркінің жұмысы көрсетілді.
Іс-шараға қатысушылар технологиялық үдерістің ерекшеліктері, мұнай айдау көлемдері, станцияда қолданыстағы қауіпсіздік жүйесі, сондай-ақ халықаралық стандарттарға сәйкес энергия үнемдеу мен қоршаған ортаны қорғау шаралары туралы жан-жақты мәлімет алды.
Сапар барысында қатысушылар өндірістік тәуекелдерді бағалауда бірыңғай тәсілдерді қолдану, сондай-ақ қауіпсіз өндіріс мәдениетін тұрақты және жүйелі дамыту мақсатында қауіпсіздік құралдарын тәжірибеде қолдану мәселелерін талқылады.