Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Атырау мұнай құбыры басқармасында мұнай тасымалы саласының ардагерлерімен салтанатты кездесу өтті.
Іс-шараның құрметті қонақтары Қазақстанның мұнай құбыры саласының дамуына өлшеусіз еңбек сіңірген, есімдері саланың тарихында алтын әріппен жазылған тұлғалар болды. Олардың қатарында Зинон Абдрахманов, Фердинат Мамонов, Саркис Снхчян және Жақсылық Төлегенов бар. Әрқайсысы өмірінің 40 жылдан астам уақытын мұнай тасымалдау ісіне арнап, саланың өркендеуіне елеулі үлес қосқан.
Кездесу барысында ардагерлер ұжыммен өздерінің еңбек жолындағы естеліктерімен бөлісіп, саланың қалыптасу кезеңдері, өткен онжылдықтардағы қиындықтар мен жетістіктер туралы әңгімеледі. Сондай-ақ еліміздің мұнай құбыры көлігінің қазіргі даму үрдістері жөнінде пікірлерін білдірді.
Ардагерлер өз естеліктерінде өткен ғасырдың 70-80 жылдары «Өзен- Гурьев-Куйбышев» (қазіргі «Өзен-Атырау-Самара») мұнай құбырын алғаш тартып, пайдалану кезеңдеріндегі ерекшеліктерін, технологиялық жабдықтардың жай-күйі, өндірісті алғашқы автоматтандыру процесі, сол уақыттағы мамандардың бірлігі мен жауапкершілігі, жұмысына адалдығын айтып, еске алды.
Кездесуде Атырау мұнай құбыры басқармасы бастығы Еркін Сүйіндіков Қазақстан мұнай тасымалы саласының қайраткерлеріне «ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры (Басқарма төрағасы) Арман Қасеновтің Республика күнімен «Құттықтау хатын» табыс етті.
Ардагерлермен мағыналы кездесулер – тек құрмет көрсетудің белгісі ғана емес, сонымен бірге ұрпақтар сабақтастығын сақтап, кәсіби рух пен әріптестік дәстүрді нығайтудың маңызды жолы болмақ. Іс-шара достық пен сыйластық рухында өтіп, мұнай тасымалы саласы мамандарын біріктіретін ортақ іске деген адалдық пен ұрпақтар сабақтастығын айқын көрсетті.
