«ҚазМұнайГаз» компаниялар тобы бойынша коронавирустық инфекцияның (COVID-19) таралуына жол бермеу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс шеңберінде «ҚазТрансОйл» АҚ алдын алу шараларын енгізуде.
Компанияның әкімшілік-басқару персоналы қызметкерлерінің бір бөлігін қашықтықтан жұмыс істеу түріне ауыстыру туралы шешім қабылданды. Бұл ретте зейнеткерлік және зейнеткерлік жас алдындағы жастағы қызметкерлер, созылмалы аурулары бар жұмыскерлер, жүкті әйелдер, көп балалы аналар, үш жасқа дейінгі балалары бар әйелдер, он төрт жасқа дейінгі балаларды (он сегіз жасқа дейінгі мүгедек баланы) тәрбиелеп отырған жалғыз басты аналар қашықтағы жұмыс режиміне басым құқыққа ие болады.
Сыртқы ұйымдарға жіберілетін шығыс хаттарды қоспағанда, электрондық құжат айналымына толық көшу жүзеге асырылады.
Кеңестерді телефон және бейнеконференция байланысы арқылы өткізу ұсынылады. Жұмыскерлердің мәжіліске жеке қатысуы қажет болған жағдайда қатысушылар саны 6 адамнан аспауы тиіс.
Компанияда барлық мәдени-бұқаралық іс-шаралар (мерекелік, концерттік, спорттық іс-шаралар, конференциялар, форумдар, семинарлар, көрмелер және т.б.) кейінге қалдырылған, компаниядан тыс жерде жұмыскерлердің оқуы тоқтатылған немесе қашықтағы жұмыс режиміне ауыстырылған.
Әкімшілік ғимараттар мен үй-жайларда күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режим енгізіледі. Компанияның жұмыскерлерін тасымалдауды жүзеге асыратын автокөлік әрбір рейстен кейін жуу және дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып, өңдеуге жатады. ЖРВИ белгілері бар адамдарды анықтау үшін компания жұмыскерлеріне күнделікті медициналық тексеру жүргізіледі.
Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 04 наурыздағы қаулысына сәйкес жұмыскерлердің 1а, 1б, 2, 3 санатындағы елдерге жеке сапарларға шығуға тыйым салынды. Компания жұмыскерлеріне басқа шетелдерге жеке сапарлардан бас тарту және Қазақстан Республикасының аумағы бойынша жол жүруді барынша шектеу ұсынылды.
Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың 11 наурызында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемдегі коронавирусты инфекцияның пандемиясы туралы жариялаған болатын. 2020 жылғы 16 наурызда Қазақстанда COVID -19 таралу қаупіне байланысты ТЖ режимі жарияланды.
Анықтама:
«ҚазТрансОйл» АҚ - магистральдық мұнай құбыры бойынша Қазақстан Республикасының ұлттық операторы. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ тобына кіреді. Ұзындығы 5,4 мың км құрайтын магистральдық мұнай құбырларының әртараптандырылған желісіне ие болып келеді. «ҚазТрансОйл» АҚ-тың өндірістік объектілері Шымкент, Қарағанды, Павлодар, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Алматы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстарында орналасқан. Мұнайды қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарына және экспортқа 5 бағыт бойынша жеткізеді: «Атырау-Самара» және «Қазақстан-Қытай» мұнай құбырлары, Ақтау порты (танкерлерге мұнай құю), теміржол (цистерналарға құю), КҚК жүйесіне ауыстырып тиеу.
«ҚазТрансОйл» АҚ
жұртшылықпен байланыс және
ішкі коммуникациялар департаменті