Жезқазған мұнай құбыры басқармасына қарасты барлық өндіріс объектілері пандемиялық індетке қарамастан штаттық режимде жұмыс жасауда. Жоспарланған негізгі өндірістік міндеттемелер де жүзеге асырып келеді. Соның ішінде, «Құмкөл-Қарақойын» магистральды мұнай құбырының 0 км мен 198,9 км және «Павлодар-Шымкент» 846,6 км мен 1210,6 км аралығындағы телімдеріне қызмет көрсететін апатты қалпына келтіру пункттерінің еңбектерін айрықша атап өтуге болады.
-2021 жылғы жоспарға сәйкес «Павлодар-Шымкент» магистральды мұнай құбырының 1108,4 км мен 1210,6 км аралығындағы 33 ақау жылдың үшінші және төртінші тоқсанында жөнделуі тиіс болатын. Шымкент қаласындағы «ПКОП» ЖШС-не тиесілі мұнай өңдеу зауытының жоспарлы тоқтау кезеңін тиімді пайдалану нәтижесінде ақауларды жою жұмыстары ерте басталды. Мамыр айы Қарағанды облысының аумағында аптап ыстық ауа-райымен ерекшеленсе де, апатты қалпына келтіру пункттері бірлескен еңбектің нәтижесінде жоспарды мерзімнен бұрын орындады. Бұл күні аталмыш магистральды мұнай құбыры бойынша құбыр қабырғасының жұқаруы, тат басу, құбырдың сыртқы қабырғасының шіруі секілді барлық ақаулар жөнделді. Бұлар құбырішілік диагностика жүргізілген кезде анықталғанын да атап өткен абзал. Жұмыстар мұнай құбырларын жөндеу технологиясын және еңбекті қорғау, өрт қауіпсіздігі технологияларын сақтай отырып атқарылды, - дейді Жезқазған мұнай құбыры басқармасы бастығының өндіріс жөніндегі орынбасары Ербол Өтеубаев.
Құбыр бойындағы электргазбен дәнекерлеу жұмыстары жоспарға сәйкес орындалған. «Дәнекерлеу жұмыстары аяқталған соң сол жерге ультрадыбыстық бақылау жүргізіледі. Тексеруден кейін ақаулар табылмаса ол телімге оқшаулағыш жабындар қолданылып, көміледі», - деп атап өтті апатты қалпына келтіру пунктінің аға шебері Ержан Ізтілеуов.
Сондай-ақ, 2021 жылғы магистальды мұнай құбырының ысырмаларын ашу-жабу кестесіне сәйкес жоспарланған жұмыстар да толығыммен орындалды Жезқазған мұнай құбыры басқармасы еліміздің қауіпсіз мұнай тасымалы саласындағы жемісті еңбектерін алдағы уақытта да жалғастыра бермек.