Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Грузиядағы қазақстандық активтің жұмысымен танысу үшін «Батуми мұнай терминалы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Батуми теңіз порты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды.
Шараға «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «KTZ Express» АҚ, «Ақтау теңіз сауда порты» ҰК» АҚ, «Ақтау теңіз солтүстік терминалы» ЖШС, «Порт Құрық» ЖШС, «TMTM» халықаралық қауымдастығы, «KTZH-GP» ЖШС филиалы – «Батыс» компанияларының басшылары қатысты. Маңғыстау бөлімшесі, «SEMURG INVEST» ЖШС, «Қазтеңізкөлікфлот» ҰТК» АҚ, «Каскор-Транссервис» АҚ, «Каспий Оффшор және Марин Констракшн» ЖШС, «Kaspi Grain Way», «Транском» ЖШС (ERG), «КазАзот» АҚ, Central Asia Mining «Ко» ЖШС, «Казцинк» ЖШС, «Қостанай минералдары» АҚ, «Востокмашзавод» АҚ және басқа да мүдделі компания өкілдері қатысты.
Батуми мұнай терминалының бас директоры Фархат Тәшібаев пен Батуми теңіз портының бас директоры Ұлан Тілеуғали терминалды және портты одан әрі дамытудың ағымдағы жобалары мен перспективалары, Транскаспий халықаралық көлік маршруты (ТККМ) аясындағы ынтымақтастық туралы баяндады. Делегация Еуропа-Азия бағытында және кері бағыттағы транзиттік жүктер үшін Орта дәлізге қатысу мүмкіндігі, сондай-ақ порт инфрақұрылымы және мұнай өнімдерін сақтау қоймаларымен танысты.