«Қазақстан қор биржасы» АҚ өзінің 30 жылдығына орай «ҚазТрансОйл» АҚ өкілдеріне марапат қағаздарын жолдады. Компанияның инвесторлармен байланыс қызметінің басшысы Алмаз Масалин «Қазақстан Капитал нарығын дамытуға қосқан үлесі үшін» және қазынашылық департаментінің директоры Шолпан Садриева «KASE Биржалық нарықтарын дамытуға қосқан үлесі үшін» дипломдармен марапатталды.
Компанияның орталық аппараты кеңсесінде өткен марапаттау рәсімінде «ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры (Басқарма төрағасы) Талғат Құрманбаев құттықтап сөзін сөйлеп, дипломдарды жеке табыс етті.
Еске сала кетейік, «ҚазТрансОйл» АҚ құнды қағаздар нарығының кәсіпқой өкілдері мен инвесторлары тарапынан қоғамдық компанияның үздік стандарттарын ұстанатын эмитент ретінде танылып, «Қазақстан қор биржасы» атынан «Акциялар нарығының көшбасшысы» дипломымен марапатталған еді.