KZTO 803,30 (-0,21)
KASE «ҚазТрансОйл» АҚ акциялары 803,30 (-0,21)

Биологиялық әртүрлілікті сақтау мақсатында «ҚазТрансОйл» АҚ Қиғаш өзеніне 52 мыңнан астам бекіре тұқымдас балық шабағын жіберді

 01.08.2025    726

Табиғи ресурстарды ұтымды әрі жауапты пайдалану қағидаттарына сәйкес, «ҚазТрансОйл» АҚ-ның 100% қатысу үлесі бар «Магистралдық Су құбыры» ЖШС Қиғаш өзеніне бекіре тұқымдас балық шабақтарын жіберу жұмыстарын жүзеге асырды.

Каспий теңізі мен оның жағалауындағы биологиялық алуан түрлілікті сақтау мақсатында Қиғаш өзеніне бекіре, шоқыр, сүйрік, қара шабақ және шип сынды бекіре тұқымдас 52 160 балық шабағы жіберілді. Бұл жұмыс Қазақстан Республикасының «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» Заңына сәйкес жүргізілді.

Жіберілген шабақтардың жалпы салмағы 1565 килограмнан асты. Әр шабақтың орташа салмағы шамамен 30 граммды құрайды. Олар табиғи ортада тіршілік етуге бейімделген, өсіп-жетілген. Мұндай шабақтардың табиғи жағдайда өмір сүру мүмкіндігі жоғары саналады.

Балықтандыру процесі өзеннің биологиялық әртүрлілігін сақтауда маңызды рөл атқарады. Қиғаш өзені — Атырау және Маңғыстау облыстарының бірқатар аудандары үшін тұщы су көзі. Оның суы «Астрахань – Маңғышлақ» магистралдық су құбыры арқылы жеткізіліп, өңірдің ауыз су, ауыл шаруашылығы және мұнай өндіру салаларындағы қажеттіліктерін қамтамасыз етеді.

Қиғаш өзенін балықпен толықтыру жұмыстары «ҚазТрансОйл» АҚ тарапынан бірінші жыл жүзеге асырылып отырған жоқ. Мәселен, 2024 жылы өзенге 23 600-ден астам бекіре шабағы жіберілген болатын.

Балықтандыру – бірнеше кезеңнен тұратын күрделі үдеріс. Ол уылдырық алу мен инкубациялаудан бастап, дені сау шабақтарды өсіріп, оларды табиғи ортаға жіберуге дейінгі жұмыстарды қамтиды. Бұл мұқият жүргізілетін үдеріс экологиялық тепе-теңдікті сақтау және сирек кездесетін, бағалы балық түрлерін көбейтуге бағытталған.

Балықтандырудың барлық кезеңін қамтитын жұмыстар «Магистралдық Су құбыры» ЖШС тарапынан қаржыландырылды.

Бұл бастама «ҚазТрансОйл» АҚ-ның экологиялық жауапкершілік пен тұрақты даму қағидаттарын ұстануын айқын көрсетеді. Қиғаш өзенін балықпен толықтыру 2026 жылы да жалғасын табады.

«ҚазТрансОйл» АҚ «Астрахань – Маңғышлақ» магистральдық су құбырының иесі болып табылатын «Магистральдық Су құбыры» ЖШС-нің жарғылық капиталындағы 100% қатысу үлесіне ие.



Серiктестер