KZTO 803,30 (-0,21)
KASE «ҚазТрансОйл» АҚ акциялары 803,30 (-0,21)

Қазақстандық өндірісті қолдау - «ҚазТрансОйл» АҚ отандық тауар өндірушілермен офтейк-келісім шарттар санын арттыруда

 11.08.2025    40

Қазақстан Республикасы Президентінің реттелетін сатып алулардағы отандық тауарлар көлемін ұлғайту және отандық өндірушілермен офтейк-келісім шарттар үлесін ұлғайту туралы Жолдауын іске асыру шеңберінде «ҚазТрансОйл» АҚ өз сатып алуларында жергілікті қамту деңгейін арттыру бойынша белсенді жұмыс істеуде.

2025 жылдың басынан бері компания отандық тауар өндірушілермен жалпы сомасы 658 млн теңгеден астам сомаға 10 офтейк-келісім шарт жасасты. Келісім шарттар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда он есе өсті.

Бұл қазақстандық өндірушілерді қолдау жөніндегі жүйелі жұмыстың, «Самұрық-Қазына» қорының жаңа өндірістерді құруға жәрдемдесу Бағдарламасын іске асырудың, сондай-ақ, мемлекеттік органдармен және салалық қауымдастықтармен тығыз өзара іс-қимылдың нәтижесінде жүзеге асырылды.

«ҚазТрансОйл» АҚ отандық тауар өндірушінің мәртебесін алған кәсіпорындарға басымдық бере отырып, жеткізушілерді іріктеудің ашық тетіктерін белсенді түрде енгізуде. Компания қазақстандық компаниялармен ұзақ мерзімді әріптестік қатынастарды дамытуға ерекше назар аударады, бұл ұлттық экономиканың тұрақты өсуіне және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді.

2025 жылғы ең ірі офтейк-келісім шарттардың бірі «KARLSKRONA LC AB» зауытымен тауарлық мұнайды айдау үшін орталықтан тепкіш сорғы агрегатын жеткізуге шарты болды. Бұрын мұндай жабдық Қазақстанда өндірілмегендіктен шетелден сатып алынатын еді. Ағымдағы жылдың 7 тамызында «ҚазТрансОйл» АҚ-ның жұмыс тобы өндірістік процесті мониторингілеу және кәсіпорын басшылығымен кездесу үшін «KARLSKRONA LC AB» зауытына барды. Шымкент қаласында орналасқан зауыт сорғы, электротехникалық және стандартты емес жабдықтарды, сондай-ақ, қара және түсті металдардан құймаларды өндіруге маманданған. Кәсіпорын мұнай-газ саласындағы басқа қазақстандық компанияларға осындай сорғыларды жеткізіп жатыр, бұл өнімнің сапасы мен өндірістің жоғары технологиялық деңгейін растайды.

«Қазақстандық өндірушілерді қолдағаны үшін «Қазтрансой»  АҚ басшылығына алғысымды білдіргім келеді. Біздің зауыт үшін осы келісім шартты жасасу, ең алдымен, жаңа жұмыс орындарын ашуды көздейді, қызметкерлердің біліктілігі мен кәсіби дағдыларын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, өңірдегі өндірісті қолдау жергілікті бюджетке түсетін салық түсімдерін арттырады және бүкіл аймақтың дамуына ықпал етеді», - деп атап өтті «KARLSKRONA LC AB» ЖШС Бас директоры Талғат Алпысбаев.

Сондай-ақ, «ҚазТрансОйл» АҚ-ның жұмыс тобы отандық тауар өндіруші қатарындағы «Renaissance SHIK» ЖШС Шымкент зауытында болып, онда электрохимиялық қорғаныс жабдықтарын өндіру процесімен танысты.

Жаңа өндірістер Бағдарламасына қатысу импортқа тәуелділікті азайтып, Қазақстанның технологиялық тәуелсіздігін арттырады, жоғары технологиялық жабдықтарды локализациялауды жеделдетуге мүмкіндік береді. Мұнай-газ саласы үшін бұл экономикалық тұрақтылық пен ұлттық қауіпсіздікті нығайтудағы маңызды қадам.

«ҚазТрансОйл» АҚ қазақстандық өндірістен сатып алынатын тауарлары мен қызметтерінің номенклатурасын кеңейте отырып, офтейк-саясатты одан әрі дамытуды, оның ішінде компанияның дербес құрылымдық бөлімшелері орналасқан өңірлерінде өндірушілермен жаңа келісімдер жасасу есебінен дамытуды жоспарлап отыр.
 

Серiктестер