Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай-газ кешені қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, саланың дамуына елеулі үлес қосқан қызметкерлерге мемлекеттік наградалар табыс етті. Олардың арасында «ҚазТрансОйл» АҚ қызметкерлері де бар.
Көпжылдық кәсіби еңбегі үшін жұмысшы мамандықтарының өкілдері ерекше құрметке ие болды. Батыс операторлық қызметтер көрсету басқармасына қарасты «Аман» мұнай айдау станциясының технологиялық қондырғылар операторы Бисенбай Оңдасынұлы Сарманов «Құрмет» орденімен марапатталды.
«ҚазТрансОйл» АҚ Павлодар мұнай құбыры басқармасына қарасты «Павлодар» бас мұнай айдау станциясының операторы Раис Рафкатұлы Шарафиев «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Бисенбай Сарманов мұнай-газ саласында 30 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді, оның барлығы магистральдық мұнай құбырлары жүйесімен байланысты. Ол – жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарайтын, кәсібилігі мен шеберлігін үнемі көрсететін жоғары білікті маман. Еңбек тәртібін мүлдем бұзбаған, ұжымда құрметке ие.
Раис Шарафиев мұнай-газ саласында 23 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Ол мұнай айдау станциясы операторы мамандығына қойылатын ең жоғары талаптарға толық сай. Жауапкершілігі, жоғары техникалық және кәсіби деңгейі, тәртіп бұзушылықтардың болмауы және әріптестері арасындағы беделімен ерекшеленеді.
«ҚазТрансОйл» АҚ ұжымы Бисенбай Оңдасынұлы Сарманов пен Раис Рафкатұлы Шарафиев сияқты қызметкерлерімен мақтанады, олардың компанияның дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдіреді және мықты денсаулық, отбасылық амандық пен жаңа өндірістік жетістіктер тілейді.