Маңғыстау облысында «Өзен – Атырау – Самара» магистралдық мұнай құбырының 409–422,5 шақырымдық учаскесінде құбыр жолын ауыстыру және қосу жұмыстары сәтті аяқталды.
13,5 шақырымдық учаскеге жүргізілген іс-шаралар «ҚазТрансОйл» АҚ 2021–2025 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасы аясында орындалды. Бұл кезең-кезеңімен жүзеге асырылып отырған 76,5 шақырымдық жаңартудың бір бөлігі болып табылады.
Құбыр учаскесін жаңарту оның сенімділігін арттырып, мұнайды магистралдық жүйе арқылы қауіпсіз әрі үздіксіз тасымалдауды қамтамасыз етеді, сондай-ақ еліміздің транзиттік әлеуетін тиімді іске асыруға мүмкіндік береді.
«Өзен – Атырау – Самара» учаскесін қосу жұмыстарын жедел әрі қауіпсіз орындау мақсатында 9–11 қыркүйек аралығында магистралдық мұнай құбыры жоспарлы түрде тоқтатылды. Жоспарланған 72 сағаттың орнына жұмыстар мерзімінен бұрын аяқталды.
Аталған іс-шараға «ҚазТрансОйл» АҚ Маңғыстау, Құлсары, Атырау және Қарағанды мұнай құбыры басқармалары, пайдалану департаменті, «Мұнай тасымалдауды басқару орталығы» филиалы бас диспетчерлік басқармасы, «Зерттеулер және әзірлемелер орталығы» филиалы мен мердігер ұйымдардың 212 қызметкері қатысып, 71 бірлік арнайы техникасы жұмылдырылды.
Қызметкерлердің денсаулығын қорғау мақсатында «Медикер» ЖШС медициналық бригадасы мен кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметі мамандарының кезекшілігі ұйымдастырылды.
Жұмыстардың барысы қосымша онлайн-бейнебақылау арқылы қадағаланды. Барлық персоналдың іс-қимылдарын үйлестіруді басқару жөніндегі жедел штаб жүзеге асырды.
Персоналдың еңбек етуі мен тынығуына қолайлы жағдай жасау үшін арнайы тұрғын вагондар уақытша орнатылды.
Учаскені қосу бойынша техникалық іс-шаралар өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбекті қорғау талаптарын қатаң сақтай отырып орындалды. Жоспарлы тоқтату кезеңінен кейін мұнай тасымалдау қайта басталды.
«Өзен – Атырау – Самара» мұнай құбыры Қазақстаннан әлемдік нарықтарға мұнай жеткізудің негізгі бағыттарының бірі саналады және қазақстандық мұнай экспорты көлемі бойынша маңыздылығы жағынан екінші орын алады.