НАЗАР АУДАРЫҢЫЗ!
«ҚазТрансОйл» АҚ туралы толық ақпарат Инвестициялық меморандумда ұсынылған. Бұл меморандум «Қазақстан Қор биржасы» АҚ-ның www.kase.kz/files/emitters/KZTO/kztof7_2012.pdf мекен-жайында орналасқансайтында, сондай-ақ, «ҚазТрансОйл» АҚ-ның http://www.kaztransoil.kz/ru/akcioneram_i_investoram/informaciia_dlia_akcionera_i_investora/svedeniia_o_cennih_bumagah/ мекен-жайындағы ресми веб-сайтында орналастырылған.
«ҚазТрансОйл» АҚ инвестициялық меморандумында компанияның активтер құрылымы мен бизнесі, компанияның тарихы мен қызметінің негізгі бағыттары, топтық басқару жүйесі, компания қызметін реттеу, өндірістік және қаржылық қызметінің нәтижелері, стратегиясы, инвестициялық жобалары мен ниеттері туралы толық ақпарат қамтылған.
Меморандумның жеке бір тарауы компания ұсынысын іске асырумен байланысты негізгі тәуекел факторларына арналып отыр.
Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, 010000, Қабанбай Батыр көшесі, 19 мекен-жайы бойынша тіркелген «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамы «Халықтық IPO» бағдарламасының қатысушысы болып табылады. Осы бағдарлама шеңберінде Қазақстан Республикасының азаматтары мен Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған зейнетақы қорларына «ҚазТрансОйл» АҚ-ның
38 463 559 қарапайым акциясы ұсынылатын болады.
«ҚазТрансОйл» АҚ ресми сайты - www.kaztransoil.kz.
«ҚазТрансОйл» АҚ-ның қазіргі таңдағы жалғыз акционері «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ болып табылады. Компанияның нарыққа орналастырылған және төленген
346 172 040 (үш жүз қырық алты миллион жүз жетпіс екі мың қырық) қарапайым акциясы «ҚазМұнайГаз» компаниясына тиесілі.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 31 қазанындағы №1376 қаулысымен «Халықтық IPO» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «ҚазТрансОйл» АҚ акцияларын Қазақстан Қор биржасына орналастыру құны, көлемі мен құрылымы жөнінде «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Директорлар кеңесінің шешімі бекітілді. Бағалы қағаздардың ұйымдасқан нарығына алғашқы рет орналастырылуы кезінде «ҚазТрансОйл» АҚ қарапайым акциясының бір данасы
725 теңге тұрады.
BBB- (Standard&Poor's), BBB- (Fitch) және Baa3 (Moody's) рейтингтеріне ие «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамының орналастырылатын қарапайым акциялары «Қазақстан Қор биржасы» АҚ Листингтік комиссиясының 2012 жылдың 30 қазанындағы шешіміне сәйкес бірінші (ең жоғарғы) санат бойынша биржаның ресми тізіміндегі «акциялар» секторына енгізілді.
Акцияларға жазылу 06 қарашадан басталды, ол 05 желтоқсанға дейін (осы күнді қоса санағанда) жалғасатын болады.
Акцияларға жазылу рәсімі «Акцияларға жазылу ережелеріне» сәйкес өткізіледі. Бұл ереже «Қазақстан Қор биржасының» Биржалық кеңесінің шешімімен (2012 жылдың 29 наурызындағы №05 хаттама) бекітіліп, «Бағалы қағаздардың орталық депозитариі» АҚ мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын бақылау және қадағалау комитетімен келісілген.
Акцияларды сатып алу жөніндегі өтініштерді Қазақстан Республикасының азаматтары мен Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған зейнетақы қорлары беруге құқылы.
«Халықтық IPO» бағдарламасына қатысу үшін және «ҚазТрансОйл» АҚ акцияларын сатып алу үшін инвесторлар келесі қадамдарды жасауы қажет:
- Брокерді таңдап, онымен келісім-шартқа отыру. Келісім-шартқа отыру тегін. Брокерлердің тізімі www.kase.kz сайтында бар.
- Брокерлік шотты ашу.
- Сатып алынатын акциялар көлеміне және брокердің комиссиясын төлеуге жеткілікті мөлшерде Орталық депозитарийдегі шотыңызға (оның деректемелері Келісім-шартта көрсетіледі) қаржы салу. Бағалы қағаздарды сатып алуға жұмсалатын бүкіл қаржы мен сатып алынған бағалы қағаздар сіздің Орталық депозитарийдегі субшотыңызда сақталатын болады. Орталық депозитарийдегі шотқа қаржы сіздің қолданыстағы банк шотыңыздан аударылады (қажет болған жағдайда жеке тұлға банк шотын ашуы тиіс).
- Акция бағасы жарияланып, «өтініштер кітабы» ашылған соң, акцияларды сатып алу туралы брокеріңізге бекітілген үлгі бойынша тапсырыскер бұйрығын беру.
- «Өтініштер кітабы» жабылған соң, инвесторлардың Орталық депозитарийдегі шотына акцияларды аудару арқылы белгіленген талаптар шеңберінде есеп айырысу жүргізіледі.
Бағалы қағаздармен операция жүргізу кезінде комиссия алынады. Толық ақпаратты брокеріңізден алуыңызға болады.
Брокерлік ұйымдар негізінен Алматы қаласында орналасқан, бірақ кейбір ұйымдардың аймақтарда филиал желісі немесе өкілетті агенттері бар. Мұны брокерлік компаниялардың кеңселеріне хабарласу арқылы нақтылап алуыңызға болады.
Қазақстан Республикасының тұрғындарын барынша кеңінен қамту мақсатында «Қазпошта» АҚ аймақтарда брокер және трансфер-агент қызметін атқарады. Тиісті қызмет түрлерін алу мүмкіндігі туралы «Қазпошта» АҚ-ның өзіңізге ең жақын бөлімшелерінен нақтылап сұрап біліңіз.
Сондай-ақ, трансфер-агент қызметін «Қазақстан Халық банкі» АҚ ұсынады. Тиісті қызмет түрлерін алу мүмкіндігі туралы «Қазақстан Халық банкі» АҚ-ның өзіңізге ең жақын бөлімшелерінен нақтылап сұрап біліңіз.
Акциялар нарыққа орналастырылуы кезінде инвесторлардың түрлі топтары арасында келесі тәртіп бойынша үлестірілетін болады:
- Қайталама нарықтағы өтімділікті сақтау үшін маркет-мейкердің акциялар бойынша берген өтініші.
- бір жеке инвестордан түскен өтініш (оның сомасы немесе 7 миллион теңгеден аспайтын мөлшері) толығымен қанағаттандырылады.
- Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған жинақтаушы зейнетақы қорларының берген өтініштері (толығымен қанағаттандырылады). Сұраныс нақты ұсынысқа қарағанда жоғары болған жағдайда, өтініштер мәлімделген көлемге сәйкес қанағаттандырылатын болады.
- Бір жеке инвестордың өтініш сомасының 7 000 000 (жеті миллион) теңгеден асатын бөлігі (өтініштердің жиынтық сомасы нақты ұсыныс көлемінен жоғары болмаған жағдайда бұл өтініш толық көлемде қанағаттандырылады).
Жеке инвесторлар тарапынан берілген өтініштердің жиынтық сомасы акциялар көлемінен артық болған жағдайда (маркет-мейкердің акциялар бойынша өтінішін есептемегенде), өтініштерді қанағаттандырудың ең үлкен сомасы келесі тәртіп бойынша төмендетілетін болады:
a. өтініштерді қанағаттандырудың 7 000 000 (жеті миллион) теңгеге тең ең жоғарғы сомасынан бастап төмендетілетін болады;
b. төмендету қадамы бір акция құнына тең соманы құрайды;
c. сұраныс мөлшері мен акциялар көлемі теңестірілгенге дейін төмендетілетін болады.
Жеке инвесторлардың арасында сұранысқа ие болмаған акциялар көлемі зейнетақы қорларының берген өтініштеріне сәйкес осы қорлардың арасында орналастырылатын болады. Зейнетақы қорларынан түскен сұраныс көлемі акциялар көлемінен асып түскен жағдайда, зейнетақы қорларының өтініштері олардың көлеміне сәйкес қанағаттандырылатын болады.
Зейнетақы қорлары арасында сұранысқа ие болмаған акциялар көлемі жеке инвесторлардың өтініш сомасының 7 000 000 (жеті миллион) теңгеден асатын бөлігін қанағаттандыру үшін келесі тәртіп бойынша үлестірілетін болады:
- егер сұраныстың жиынтық көлемі қалған акциялардың көлемінен аз болса, барлық өтініштер толығымен қанағаттандырылады;
- егер сұраныстың жиынтық көлемі қалған акциялардың көлемінен көп болса, өтініштер 7 000 000 (жеті миллион) теңгеден асатын мөлшерге сәйкес қанағаттандырылады.
Инвесторлардың әртүрлі топтарына үлестірілетін акцияларды нарыққа орналастыру кезінде өтініштің қай уақытта берілгені ескерілмейді. Ең бастысы, өтініштер акцияларға жазылу кезеңінде берілуі тиіс.
«ҚазТрансОйл» АҚ роудшоуы шеңберінде іс-шараларды өткізу кестесі туралы мәлімет компанияның www.kaztransoil.kz сайтында орналастырылған.
«Халықтық IPO» бағдарламасына қатысу туралы ақпаратты
8 800 080 5070 жедел желі телефоны арқылы білуге болады (ҚР бойынша қоңырау шалу тегін).
Сондай-ақ, «ҚазТрансОйл» АҚ сайтының http://www.kaztransoil.kz/ru/halyk_ipo/vopros-otvet/ тиісті тарауында өзіңізді қызықтыратын сауалдарыңызға жауап алуыңызға болады.
«ҚазТрансОйл» АҚ - «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның еншілес компаниясы. Меншігінде 8 мың шақырымға жуық ұзақтыққа созылған магистралды мұнай және су құбырларының әртараптандырылған желісі бар Қазақстан Республикасындағы ең ірі мұнай тасымалдау компаниясы. «ҚазТрансОйл» АҚ елімізде өндірілетін жалпы мұнай көлемінің 59%-н экспортқа және ішкі нарыққа тасымалдайды.
АҚШ, Австралия, Еуропалық экономикалық аймақ, Канада, Ресей Федерациясы немесе Жапония аумақтарында тікелей немесе жанама түрде көпшілік арасында таратуға немесе жариялауға арналмаған.