«ҚазТрансОйл» АҚ компанияның акцияларын сатып алғысы келетін инвесторларға 2012 жылдың 5 желтоқсанында Астана уақыты бойынша сағат 19:00-де Қазақстан Республикасының азаматтары мен Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған зейнетақы қорларына «Халықтық IPO» бағдарламасы шеңберінде бағалы қағаздардың ұйымдасқа нарығында орналастырылған «ҚазТрансОйл» АҚ-ның қарапайым акцияларына өтініштерді беру (жазылу) аяқталатынын еске салады.
Акцияларға жазылу рәсімі «Акцияларға жазылу ережелеріне» сәйкес өткізіледі. Бұл ереже «Қазақстан Қор биржасының» Биржалық кеңесінің шешімімен (2012 жылдың 29 наурызындағы №05 хаттама) бекітіліп, «Бағалы қағаздардың орталық депозитариі» АҚ мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын бақылау және қадағалау комитетімен келісілген.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 31 қазанындағы № 1376 қаулысымен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Директорлар кеңесінің «ҚазТрансОйл» АҚ акцияларын «Халықтық IPO» бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Қор биржасына орналастыру бағасы, оның мөлшері мен құрылымы жөніндегі шешімі бекітілді. Бағалы қағаздардың ұйымдасқан нарығына алғашқы рет орналастырылу кезінде «ҚазТрансОйл» АҚ-ның бір қарапайым акциясының бағасы 725 теңге тұрады.
BBB- (Standard&Poor's), BBB- (Fitch) және Baa3 (Moody's) рейтингтеріне ие «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамының орналастырылатын қарапайым акциялары «Қазақстан Қор биржасы» АҚ Листингтік комиссиясының 2012 жылдың «30» қазанындағы шешіміне сәйкес бірінші (ең жоғарғы) санат бойынша биржаның ресми тізіміндегі «акциялар» секторына енгізілді.
Инвесторлардың әртүрлі топтарына үлестірілетін акцияларды нарыққа орналастыру кезінде өтініштің қай уақытта берілгені ескерілмейді.
Инвесторлар акцияларға жазылу туралы барлық сауалдарына қатысты жауапты өздері таңдаған брокерінен ала алады.
«ҚазТрансОйл» АҚ туралы толық ақпарат Инвестициялық меморандумда берілген. Осы меморандум «Қазақстан Қор биржасы» АҚ-ның www.kase.kz/files/emitters/KZTO/kztof7_2012.pdf мекен-жайындағы ресми сайтында, сондай-ақ, «ҚазТрансОйл» АҚ-ның http://www.kaztransoil.kz/ru/akcioneram_i_investoram/informaciia_dlia_akcionera_i_investora/svedeniia_o_cennih_bumagah/ мекен-жайындағы ресми веб-сайтында орналастырылған.
«ҚазТрансОйл» АҚ инвестициялық меморандумында компанияның активтер құрылымы мен бизнесі, компанияның тарихы мен қызметінің негізгі бағыттары, топтық басқару жүйесі, компания қызметін реттеу, өндірістік және қаржылық қызметінің нәтижелері, стратегиясы, инвестициялық жобалары мен ниеттері туралы толық ақпарат қамтылған. Меморандумның жеке бір тарауы компания ұсынысын іске асырумен байланысты негізгі тәуекел факторларына арналып отыр.
«ҚазТрансОйл» АҚ - «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның еншілес компаниясы. Меншігінде 8 мың шақырымға жуық ұзақтыққа созылған магистралды мұнай және су құбырларының әртараптандырылған желісі бар Қазақстан Республикасындағы ең ірі мұнай тасымалдау компаниясы.
«ҚазТрансОйл» АҚ елімізде өндірілетін жалпы мұнай көлемінің 59%-н экспортқа және ішкі нарыққа тасымалдайды.
АҚШ, Австралия, Еуропалық экономикалық аймақ, Канада, Ресей Федерациясы немесе Жапония аумақтарында тікелей немесе жанама түрде көпшілік арасында таратуға немесе жариялауға арналмаған.
«ҚазТрансОйл» АҚ-ның Баспасөз қызметі
Тел.: +7 (7172) 555 135