2014 жылғы 30 қыркүйекте Атырау қаласында «Көмірсутек саласындағы инновация» тақырыбына мемлекет басшыларының қатысуымен өтіп жатқан Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ХІ шекара маңы ынтымақтастығы форумында «ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры (Басқарма төрағасы) Қайыргелді Қабылдин, «Магнитогорский металлургический комбинат» ААҚ бас директоры Павел Шиляев, «Челябинский трубопрокатный завод» ААҚ бас директоры Виталий Садыков ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Осы меморандумда тараптар әлемдік құбыр нарығында қызметтің келешекті бағыттарын табу, техникалық ақпарат алмасу және құбыр өнімдерінің сапасын жақсарту мақсатында жүйелі түрде кездесулер өткізуге өзара мүдделілікті бекітті.
«ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры (Басқарма төрағасы) Қайыргелді Қабылдин «Біз үш жақты келісім аясында мұнай тасымалдау кезінде сенімділікке, қауіпсіздікке әрі экологияға келтіретін залалды азайтуға ерекше көңіл бөлетін боламыз. Бұл үшін біз мамандандырылған ұйымдар мен институттарды тарта отырып, ғылыми-техникалық ынтымақтастық ұйымдастыруға мүдделіміз» деп атап көрсетті.
«Меморандумның басты мақсаттарының бірі – Кеден одағы аясында бірыңғай нормаларды дамыту және экология көзқарасы тұрғысынан мұнай өнімдерін сенімді, қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз ету. Біз ақпарат алмасуға және бірлескен күшпен құбыр өнімі сапасының жаңа көрсеткіштерін жасап шығаруға, сондай-ақ ең қатал экологиялық талаптарды орындау үшін үш жақты ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамытуға дайынбыз», – деді «ММК» ААҚ бас директоры Павел Шиляев.
«Қазақстан – компанияның маңызды стратегиялық серіктесі. «РИМЕРА» компаниясы мұнай сервисі дивизионы кіретін ЧТПЗ тобы іс жүзінде Қазақстанға өзі өндіретін барлық сұрыпты: отын-энергетика кешені үшін құбырлар, MSA және «СОТ» зауыттарының магистральдық жабдықтарын, «Алнас» және «Ижнефтемаш» зауыттарының мұнай машина жасау өнімдерін жеткізеді», – деп атап көрсетті «Челябинский трубопрокатный завод» ААҚ бас директоры Виталий Садыков.
Анықтама:
«ҚазТрансОйл» АҚ – Қазақстан Республикасының магистральдық мұнай құбыры жөніндегі ұлттық операторы. Компания мұнай тасымалдау, мұнай және мұнай өнімдерінің экспорты мен импорты мәселелерінде Қазақстан Республикасының мүдделерін сақтау мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің №461 қаулысымен 1997 жылғы 2 сәуірде құрылды. Компания магистральдық мұнай құбырларының ұзындығы 5,5 мың км-ден артық желісін және ұзындығы 2,1 мың км-ден артық суағызғыны басқарады, 37 мұнай айдау стансасын пайдаланады. Компанияның ірі акционері – ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ (акциялары 90%).
«ҚазТрансОйл» АҚ мына ұйымдардың қатысушысы/акционері болып табылады:
«Қазақстан - Қытай құбыры» ЖШС (қатысу үлесі – 50%), «МұнайТас» СБҚК» АҚ (акциялары 51%); Batumi Terminals Limited компаниясы (акциялары 100%). Компания Қазақстанда өндірілетін мұнайдың барлық көлемінің 57 пайызындайын тасымалдайды. 2013 жылдың қорытындылары бойынша мұнай тасымалдаудың шоғырландырылған көлемі 67 млн 220 мың тоннаны, жүк айналымы – 45 млрд 493 млн тонна-км-ді, су беру көлемі – 23 млн 390 мың текше метрді құрады. «ҚазТрансОйл» АҚ компаниялары тобының 2013 жылғы шоғырландырылған табысы 190 млрд. 22 млн. теңгені, ал шоғырландырылған таза пайда - 63 млрд. 544 млн. теңгені құрады.
«Магнитогорский металлургический комбинат» ААҚ әлемдегі аса ірі болат өндірушілердің қатарына кіреді және Ресей қара металлургия кәсіпорындарының арасында басты орын алады. Компанияның Ресейдегі активтері – темір рудасын дайындаудан бастап қара металды жете өңдеумен аяқталатын толық өндірістік циклдан тұратын ірі металлургиялық кешен. ММК қосылған құны жоғары өнімдердің басым үлесі бар металл өнімдерінің кең сұрыпын өндіреді. 2013 жылы ММК тобы 11,9 млн тонна болат және 11 млн тонна тауарлық металл өнімдерін өндірді. 2013 жылы ММК тобының түсімі $8,190 млрд, EBITDA – $1,223 млрд. құрады.
ЧТПЗ тобы Ресейдегі металлургия кешенінде жетекші өнеркәсіптік топтарының бірі. 2013 жылдың қорытындылары бойынша ресейлік құбыр өндірушілердің жиынтық жөнелтімінде компанияның үлесі 16,2%-ды құрады. ЧТПЗ компаниясы қара металлургия кәсіпорындары мен компаниялары – «Челябинский трубопрокатный завод» ААҚ-ны, «Первоуральский новотрубный завод» ААҚ-ны, «МЕТА» металл сынықтарын дайындау және өңдеу компаниясын, «Уралтрубосталь» СҮ металл саудасы бөлімшесін және «РИМЕРА» компаниялары тобы ұсынатын мұнай сервисі дивизионын біріктіріп отыр.
«ҚазТрансОйл» АҚ баспасөз қызметі