«ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамы құрылған 25 жыл ішінде бірнеше мұнай айдау станциялары жаңару мен жаңғырудан өтті. Жаңа заманға сай құрылғылармен жабдықталып, технологиясы жетілдірілді. Бұл отандық мұнай тасымалы саласына тың серпін берген еді. Ширек ғасыр бойы жаңғырудан өтіп, мұнай айдау қуатын еселеген Атырау мұнай құбыры басқармасының Нұрибек Шманов атындағы мұнай айдау станциясы бүгінде батыс мұнайын Павлодар, Шымкент мұнай өңдеу зауыттарына және Қытайға қарай бағыттайтын қақпаға айналды.
Мұнай айдау станциясы 1969 жылы құрылып, «663 км» атауы берілген. Негізінен Атырау мұнай өңдеу зауытына «Өзен-Атырау-Самара» магистральды мұнай құбырынан мұнай айдау. Сонымен қатар осы магистральды мұнай құбыры бойындағы мұнайды ілеспе қыздыру болатын. Сондықтан станцияда 4 қыздыру пеші және магистральды сорап станциясы ғана жұмыс атқарды. 1997 жылы «ҚазТрансОйл» компаниясы құрылған соң, станцияны қайта жаңғырту мен «Атырау-Кеңкияқ» мұнай құбырын қосу жоспарланды. Ол үшін үлкен дайындық, мұнай айдау станциясын толық реконструкциядан өткізу қажет болатын.
Владимир Кузеняткин, сала ардагері, 1996-2010 жж. «663 км» МАС бастығы:
- Мен мұнай айдау станциясына бастық болып тағайындалғаннан кейін «ҚазТрансОйл» компаниясы құрылды. Станция жергілікті мұнай өңдеу зауытына мұнай жіберумен айналысты. Кеңес кезеңіндегі технология болғандықтан тозығы жете бастаған. Ол кезеңде барлық жөндеу жұмыстарын өз күшімізбен атқаратынбыз. Қиындау кезең болды әрине, бірақ станция өз міндеттерін толығымен орындады деп айта аламын. Оған мамандардың қосқан үлесі зор. 2000 жылдардың басынан бастап, станцияға түбегейлі жаңғырту жобасы жасақтала бастады. Басшылықпен қатар, осы станция басындағы мамандардың ұсыныстары да жобада қарастырылды. Себебі, өндірістің басы-қасындағы мамандар станцияның жайын жақсы білетін. Мен 2010 жылы зейнеткерлікке шығып кеттім. 2016 жылы станцияға түбегейлі реконструкция жүргізілгенін естідім, кейін жаңа заманның станциясын өз көзіммен көрген кезде, кеудемді мақтаныш кернегені бар.
Жаңғырту жобасы 2016 жылы аяқталды. Жаңғыртудан соң мұнай айдау станциясы қайта жаңарып құрылған болатын. Себебі, өндірістік технология мен жабдықтар түпкілікті жаңартылды. 2017 жылы мұнай айдау станциясына ғалым, қайраткер мұнайқұбыршы Нұрибек Шмановтың есімі берілді.
-
Станцияны жаңғырту жұмысы 2015 жылы қарқын алды. 2 жылда мұнай айдау станциясын түбегейлі реконструкциялау үшін мердігерлер, компанияның білікті мамандары жұмылдырылған еді. Күн-түн демей басында жүрдік. Себебі, жаңа технологияларды көзімізбен көріп, уақтылы қосылуын қамтамасыз ету үшін станцияның әрбір қызметкері өз учаскесінде табанды түрде жұмыс атқарды. Жаңа диспетчерлік пункт, мұнайды химиялық талдау зертханасы, резервуар паркіне жаңаша жұмыс жүргізу қажет. Сондықтан мамандар да үлкен дайындықтан өтті. 2016 жылдың аяғында станция жаңарып іске қосылғанда бәріміз өндірісті жаңаша жүргізуге дайын болдық, - деп еске алады Н.Шманов атындағы МАС бұрынғы бастығы, қазіргі «Мартыши» МАС бастығы Болат Мұсалиев.
Реконструкциядан соң, жалпы сыйымдылығы 140 000 текше метр мұнай сақтайтын 8 қосымша резервуар паркі қолданысқа енгізілді. Магистральды сорап станциясы 5 ZLMI 530/05 маркалы қуатты сораптармен жұмыс істейтін болды. Заманауи химиялық мұнай талдау зертханасы салынды. Жобаға сай, қосымша ПТБ-10-160-Э (Ж) маркалы 3 қыздыру пеші пайдалануға берілді. Осынау жаңғыртудан кейін станцияда мұнайды сақтау мен тасымалдау кезінде қоршаған ортаға зиянды азайту үшін қосымша шаралар алу қажет болған еді. Осы ретте компанияда тұңғыш рет буды рекуперациялау қондырғысы іске қосылды. Бұл жасыл технологиялар саласындағы жобалардың бірегейі саналады. Қондырғы атмосфераға шығатын зиянды заттарға тосқауыл болып, мұнай тасымалдау процесінде экологиялық тазалықты қамтамасыз етеді. Жыл сайын Н.Шманов атындағы МАС-та буды рекуперациялау қондырғысы арқылы атмосфераға шығатын эмиссиялар 80%-ке дейін қысқартылды.
Еркін Танкибаев, Н.Шманов атындағы мұнай айдау станциясының бастығы:
- 2016 жылдың айында Н.Шманов атындағы мұнай айдау станциясына аға инженер болып тағайындалдым. Ол кезде үлкен масштабтағы реконструкция аяқталып жатқан. 2016 жылдың желтоқсан айында онлайн режимде Қазақстан Президентінің қатысуымен жаңғырған станцияның салтанатты ашылуы өтті. Сол кезеңнен жаңғыртудан өткен станция жаңаша жұмысын бастады. Бүгінде мұнай айдау станциясында 85 адам жұмыс істейді. Оның 22-сі инженер-техникалық қызметкер, 50 ауысымдық жұмыскер мен 13 жұмысшы персонал. 2021 жылдың шілдесінен бастап «Кеңқияқ-Атырау» мұнай құбыры учаскесі реверсінің бірінші кезеңінің екінші сатысы аяқталуына байланысты, батыс өңірінің мұнайын Павлодар, Шымкент мұнай өңдеу зауытына және Қытай бағытына айдауға мүмкіндік алдық.
Жаңғыртудан соң станция негізгі міндеті – ілеспе қыздыру арқылы «Өзен-Атырау-Самара» магистральды мұнай құбыры арқылы мұнай тасымалдау және Атырау мұнай өңдеу зауытына мұнай жіберу. Сонымен қатар, «МұнайТас» ЖШС-нің «Кеңқияқ-Атырау» магистральды құбыры арқылы мұнай тасымалдауға жол ашылды. Биыл станция арқылы 4 650 000 тонна мұнай айдау жоспарланған.