KZTO 812,00 (+0,23)
KASE «ҚазТрансОйл» АҚ акциялары 812,00 (+0,23)

«Бірінші жартыжылдықта «ҚазТрансОйл» АҚ мұнай тасымалдау инфрақұрылымының алты нысанын пайдалануға берді

 04.07.2025    67

2025 жылдың бірінші жартыжылдығында «ҚазТрансОйл» АҚ компанияның сенімді әрі тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін маңызды саналатын алты нысанның құрылысын және жаңғырту жұмыстарын сәтті аяқтады:

Б. Жұмағалиев атындағы БМАС-та заманауи құралдармен жабдықталған химиялық-сараптамалық зертхана пайдалануға берілді. Бұл жаңа нысан «Павлодар – Шымкент» бағытымен «ПҚОП» ЖШС мұнай өңдеу зауытына және «Атасу» бас мұнай айдау станциясына жеткізілетін мұнай сапасын бақылауды күшейту тұрғысынан стратегиялық маңызға ие.

Шымкент БМАС-та көлемі 20 мың м³ болатын тік болат мұнай сақтау резервуарына (РВС-20000 м³ №4) күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстар станцияның сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

«Прорва» МАС-та блок-модульді типтегі жаңа медициналық пункт пайдалануға берілді. Пункт қажетті медициналық жабдықтармен толық жабдықталған және медициналық тексерулер жүргізуге әрі алғашқы көмек көрсетуге арналған.

«Өзен – Атырау – Самара» ММҚ-та жалпы ұзындығы 76,5 шақырым болатын құбыр учаскелеріне жоспарлы ауыстыру жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстардың мақсаты – анықталған ақауларды жою және мұнай құбырының қауіпсіз әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету.

«Шолаққорған» БМАС-та күрделі жөндеуден кейін көмекші және қосалқы үй-жайлар корпусы пайдалануға берілді. Нысан заманауи талаптарға сай жаңғыртылып, персоналға қолайлы тұрмыстық жағдай жасауға және оларды оқытуды  ұйымдастыруға арналған.

«Кенқияқ» БМАС-та өндірістік инфрақұрылымның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қорғаныс құрылымына күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды.

Пайдалануға берілген барлық нысан техникалық талаптарға толық сәйкес келеді және магистральдық мұнай құбыры арқылы мұнай тасымалдау үдерісінің сенімділігі мен қауіпсіздігін арттыруға ықпал етеді.

Серiктестер