Маңғыстау мұнай құбыры басқармасында облыстық төтенше жағдайлар департаментімен бірлесе өндірістік және өрт қауіпсіздігі бойынша интерактивті мастер-класстар өтті. Оған қызметкерлер мен балалары қатысты. Мақсат – балаларды ақпараттандыру және күнделікті өмірде жауапты, қауіпсіз шешім қабылдауға дайындау.
Интерактивті мастер-класстар аясында 35 – тен астам бала №1 арнайы өрт сөндіру бөліміне келіп, оларға экскурсия ұйымдастырылды. Өрт сөндірушілер өздерінің жұмысы туралы, өрт болған жағдайда жеке құрамның қалай қимылдайтынын әңгімеледі. Сондай ақ балалар азаматтық қорғаныс мұражайының экспонаттарымен танысты. Ақтау қаласының күзет жөніндегі №13 өрт сөндіру бөлімі қарауылының бастығы, азаматтық қорғаныс аға лейтенанты Күмісқали Қайнар бөлімге қарасты көліктердің жұмысы және немен жабдықталғаны турасында айтты. Балалар өрт сөндіруге қажет арнайы костюмдер мен жабдықтарды көрді. Сонымен бірге «Өртке дейін және өрттен кейін» атты диорама арқылы отпен ойнаудың қандай қатерге әкелетінін көрді.
Мұнан соң балалар Маңғыстау мұнай құбыры басқармасы оқу орталығына келіп, «Конвинсер» тренажерімен танысты. Арнайы манекен арқылы практика жүзінде бұл құралдың не екенін көзбен көрді. «Конвинсер» - жолдағы төмен жылдамдықтағы көлік соқтығысының имитациясын көрсетеді, бұл - жол оқиғасы кезіндегі соққыны сезінуге және қауіпсіздік белдігін пайдаланудың маңызын көрсетеді. Басқарманың қозғалыс қауіпсіздігі жөніндегі жетекші инженері Айбек Ермеков атап өткендей, бұл тренинг қауіпсіздік белдігінің қаншалықты керек екендігін көрсетіп, ересектер мен балалардың көзқарасын өзгертіп, түсінігін арттырады.
Алтынгүл Меңдіхан