Өткен жылдың қараша айында Шымкент мұай құбыры басқармасына қарасты «Шағыр» мұнай құю пунктінде мұнайқұбыршылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында әкімшілік-тұрмыстық корпустың құрылысы басталған еді. Қазіргі күні аталмыш ғимараттың іргетасы құйылып, құрылыс жұмыстары барлық талаптарға сәйкес жалғасуда.
Мердігерлік ұйым «UNICOМ BUILDING» ЖШС-мен 2023 жылғы қазан айында жасалған мердігерлік шартқа сәйкес, цокольдық қабаты бар әкімшілік-тұрмыстық корпустың құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланған. Жаңа ғимараттың жалпы ауданы 1243 шаршы метрді құрайды және барлық санитарлық, өрт қауіпсіздігі мен басқа да шамаларға сәйкес келеді. Заманауи ғимаратта асхана, спорт зал, демалыс бөлмелері мен қызметтік бөлмелер, мәжіліс залы, жатақхана қарастырылған.
«Шағыр» МҚП басқармадағы вахталық әдіс бойынша еңбек ететін жалғыз құрылымдық бөлімше. Бүгінгі таңда жұмысшылар саны 29 адамды құрайды. Шымкент мұнай құбыры басқармасының Шағыр МҚП-ің (мұнай құю пункті) бастығы Рамазан Қырықбайдың айтуынша, құрылысы жүргізіліп жатқан әкімшілік ғимаратта адамдарға әлеуметтік жағдайлар жасау үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған.
Қазіргі таңда «Шағыр» МҚП темір жол вагондарына «қара алтын» құйып, компаниямыздың мұнай экспортын жүзеге асыруға өзіндік үлесін қосып жатқан құрылымдық бөлімшелердің бірі болып табылады.