Атырау мұнай құбыры басқармасында жыл сайынғы дәстүрге айналған «Үздік маман» кәсіби шеберлік конкурсының бірінші туры бастау алды.
Байқауда жұмысшы қызметкерлердің кәсіби білімін және жұмыс дағдысын көрсету мүмкіндігі бар. Мамандық таңдау - өзі айналысқың келетін жұмысты таңдау ғана емес, өзің араласқың келетін ортаны да таңдау. Осыны терең түсінген атыраулық мұнайқұбыршылар «Үздік маман» байқауына барынша дайындықпен кірісті. «Үздік маман-2024» конкурсының ашылу салтанатында Атырау МҚБ бас инженері Шамиль Амирханов қатысушыларға сәттілік тіледі. Ол байқаудың мамандарға шеберлігін сынау мен шыңдауға, техникалық дайындығын көрсетуге және болашақта кәсіби білігін көтеруге үлкен мүмкіндігін атап өтті.
Басқарманың барлық құрылымдық бөлімшелеріндегі техникалық 41 қызметкер сегіз мамандық бойынша бақ сынайды. Атап өткен жөн, былтырғы жылмен салыстырғанда 26 қатысушы тұңғыш рет бақ сынағалы отыр. Бұл байқау сайыс болғанымен нағыз шеберлер мектебі, байқау барысында қатысушылар мұнай құбыры саласында ең үздігіне таласатын болады.