KZTO 824,98 (-0,36%)
KASE «ҚазТрансОйл» АҚ акциялары 824,98 (-0,36%)
Brent ()
WTI ()
0
0
0

«Қазақстан-Қытай Құбыры» ЖШС 20 жыл ішінде Қазақстан бюджетіне 135 млрд теңге төледі

 10.07.2024    334
«Қазақстан-Қытай құбыры» ЖШС-ға 20 жыл толды. Аталмыш уақыт аралығында компания Қазақстан мен Қытайдың мұнай-газ саласындағы екеуара іскерлік қарым-қатынастардың биігіне көтерілді.

«Қазақстан-Қытай Құбыры» ЖШС қызметінің алғашқы күндерінен бастап бизнесті жүргізудің жоғары деңгейін алға қою арқылы жиырма жыл бойы толықтай барлық халықаралық стандарттарға сәйкес келетін екіжақты, тату, көршілік ынтымақтастықтың үлгісі болып келеді. Бүгінде қарқынды дамып келе жатқан бұл компания Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар магистральды мұнай құбырларының иесі.
 
Серіктестіктің табысқа жету тарихы 2004 жылдың мамыр айында басталды. Сол кезде Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы Үкіметтері мұнай-газ саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту туралы Негіздемелік келісімге қол қойған еді. Осы жылдың шілде айында «Қазақстан-Қытай Құбыры» ЖШС құрылды. Серіктестіктің негізін қалаушылар тең басқару үлесіне ие  Қазақстан тарапынан «ҚазТрансОйл» АҚ және Қытай тарапынан Қытай Ұлттық мұнай мен газды барлау және игеру компаниясы – CNODC болды.
 
Бас директордың бірінші орынбасары Рзиев Сәбит Асқарұлының айтуынша, 2006 жылы Атасу – Алашанькоу мұнай құбыры пайдалануға берілгеннен бері аймақтың тіршілігі өзгерген: мемлекеттік және жергілікті бюджетке салық түсімдері айтарлықтай өсіп, жергілікті тұрғындар жұмыс орындарымен қамтылған және ең бастысы, Қазақстанның экспорттық және транзиттік әлеуеті артқан.
 
2008 жылдың соңына қарай Атасу – Алашанькоу мұнай құбырының қуаттылығы жылына 10 миллион тонна мұнайға жетті. Дәл сол кезде № 9 мұнай айдау бекеті (МАБ - НПС) пайдалануға берілді. Екі жылдан кейін №11 МАБ іске қосылды және магистральды мұнай құбырының өткізу қабілеті жылына 12 миллион тонна мұнайға дейін жетті. №8 және №10 МАБ іске қосылғаннан кейін, Атасу – Алашанькоу құбыры жылына 20 миллион тонна мұнай тасымалдау мүмкіндігіне ие болды.
 
Компания мұнай айдау станцияларын салу мен жабдықтауға басты назар аударады, себебі олардың дұрыс жұмыс істеуінің арқасында мұнай құбырлар арқылы үздіксіз ағып отырады.
 
Батыс Қазақстанда, оның ішінде Ақтөбе облысында өндірілетін мұнайдың өсіп келе жатқан көлемін тасымалдау үшін Қазақстан – Қытай мұнай құбырының екінші кезеңін салу қажеттілігі туындады. Екі тараптың үйлесімді әрекеттерінің арқасында Кенқияқ – Құмкөл тармағын екі жылға жетпейтін уақытта салып, оны 2009 жылдың қыркүйегінде іске қосты.
 
Осы жылдар бойында  Қазақстан мен Қытайдың ішкі нарыққа, экспортқа мұнай тасымалдау және мұнай транзиті мәселелерінде тең үлес шартындағы  мүдделері сақталынып келеді. Серіктестік қызмет етіп келе жатқан жылдар ішінде  Қазақстанның бюджетіне 135 миллиард теңге көлемінде салық төленді, бұл ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосты деген сөз. Сонымен қатар, Серіктестік жыл сайын құрылтайшыларына дивидендтер жіберіп отырады, бұл жобаның табыстылығын және салынған инвестициялардың қайтарымын көрсетіп отыр.
 
Жиырма жылдық мерейтойын атап өткелі жатқан жас әрі табысты компанияның мақтанарлық жетістіктері жетерлік. 2023 жылғы қаржылық-шаруашылық қызметінің қорытындысы бойынша компания өзінің барлық қызмет еткен жылдарындағы таза пайданың рекордтық деңгейіне қол жеткізді. Мерейтойлық 2024 жылдың сәуір айында Серіктестік барлық қарыздық міндеттемелерін мерзімінен бұрын өтеді. «Компания бұл жетістікке өзінің қаржылық тұрақтылығы мен тиімділігінің арқысында қол жеткізіп отыр» – деп атап өтті бас директордың экономика жөніндегі орынбасары Тұрлыханов Ерхат.
 
Бүгінгі таңда Серіктестікте шамамен 200-ге жуық адам еңбек етеді. Серіктестік әрбір қызметкерін өз отбасының мүшесі ретінде жоғары бағалайды. Компанияда әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктер қарастырылған, мұндағы әр қызметкер денсаулығын жақсартуға, балаларды тәрбиелеуге, денсаулықты сақтандыруға, спорттық мекемелерге баруға және шет тілдерін үйренуге байланысты төлемдер алу мүмкіндігіне ие.
 
Vision Zero концепциясының «Алтын ережелері» мен қосарлы әрекет ету механизмін енгізу арқылы ҚҚҚ еңбек қауіпсіздігінің алдын-алу мәдениетін қалыптастыруда. Соңғы он жыл ішінде мұнда бірде-бір жазатайым оқиға тіркелген жоқ.
 
- Біз компания ішінде және жақын маңдағы елді мекендерде спортты дамытуға қолдау көрсетіп отырамыз және ол үшін қолдан келген бар мүмкіндікті пайланамыз. Салауатты өмір салтын қолдауға бағытталған іс-шараларға белсенді түрде қатысамыз. Жыл сайын өтетін сенбіліктер, Спартакиада, КТК (КВН) және түрлі қоғамдық іс-шараларда қызметкерлеріміздің қатысуы  ұжымымыздың бірлігін арттырады, – дейді өз сөзінде бас директордың өндіріс жөніндегі орынбасары Игалиев Мереке.
 
Жастар – компанияның ерекше кадрлық ресурсы. Оларды маңызды процестерге және маңызды шешімдер қабылдауға белсенді түрде тартуға тырысамыз. Биылғы жылдың қаңтар айында Серіктестікте белсенді әрі өршіл жас буын қызметкерлерді біріктіретін Жас мамандар кеңесінің құрылуы кездейсоқ емес.
 
- Қызметіміздің тамаша нәтижелері, ұжымның бірлігі, өндірістік көрсеткіштер, ағымдағы шығындарды, капиталдық салымдарды және болашақ инвестициялық жобаларды жоспарлаудағы жоғары қаржылық тәртіптің арқасында келешектегі дамуға қажетті қаржылық ағындарды қалыптастырмақпыз. Барлық технологиялық учаскелерде инновациялар мен үнемді өндіріс құралдарын енгізу арқылы ішкі процестердің тиімділігін арттыруды жоспарлап отырмыз, – деп қорытындылайды Е. Тұрлыханов.
 
Жоғары стандарттарды сақтай отырып, шетелдік қатысушылармен бірге Қазақстанның үздік әрі үлгі тұтарлық кәсіпорындарының қатарында болу – Серіктестіктің алға қойған ауқымды жоспары.
 
 
Санаттар: Компания өмірі
Реакция:
Серiктестер