KZTO 863,00 (+0,12)
KASE «ҚазТрансОйл» АҚ акциялары 863,00 (+0,12)

«ҚазТрансОйл» оқушылар мен студенттерге арналған танымдық экскурсиялар өткізді

 15.05.2025    28

ҚазТрансОйл» АҚ елімізде жарияланған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында жастар арасында мұнай-газ саласына қызығушылықты арттыру мақсатында бірқатар танымдық экскурсиялар мен кездесулер ұйымдастыруды жалғастыруда.

Шымкент мұнай құбыры басқармасында Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің студенттері үшін «Дублер күні» өтті. Іс-шара барысында студенттер МАС операторларының күнделікті жұмыс тәртібімен танысып, олардың қызметін бақылауға мүмкіндік алды. Сонымен қатар, «ҚазТрансОйл» АҚ-ның магистральдық мұнай құбырлары объектілерін пайдалану жөніндегі қызметі және заманауи технологиялар туралы ақпарат алып, таңдаған мамандықтарының қыр-сырын тереңірек түсінді.

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Университетінің 3-курс студенті Нұрбақыт Қазыбай:

«Бүгін біз «ҚазТрансОйл» компаниясына келдік. Мамандар бізге шағын экскурсия ұйымдастырып, өздерінің цехтарымен, атқаратын жұмыстарымен және техникаларымен таныстырды. Көп нәрсе көрсетті, бәрі ұнады, пайдалы ақпарат алдық», – деп әсерімен бөлісті.

Сондай-ақ Өмірзақ ауылындағы №27 орта мектептің 11-сынып оқушылары үшін Маңғыстау мұнай құбыры басқармасы экскурсия ұйымдастырды. Мамандық таңдау алдында тұрған түлектер технологиялық процесспен танысуға мүмкіндік алды. Оларға мұнайдың қандай бағыттар бойынша тасымалданатыны, сондай-ақ мұнайды құбырлар арқылы қабылдау, тиеу және жөнелту технологиясы түсіндірілді.

«Бүгін біз резервуармен таныстық, станцияны көрдік және мұнайдың қалай тасымалданатынын білдік. Мұнда барлығы автоматты түрде жұмыс істейді екен. Мен геодезия және мұнай саласын таңдадым. Қазір білімді болу маңызды, білімді адам ешқашан ұтылмайды», – деді №27 мектеп оқушысы Мұстафаәли Оразбай.

Жезқазған мұнай құбыры басқармасы Индустриалдық-гуманитарлық колледжінің және Қарағанды мұнай құбыры басқармасы Ә. Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің студенттеріне арнайы дәрістер өткізді.

Мұндай тәжірибелік іс-шаралар студенттер мен оқушылардың теориялық білімін нақты тәжірибемен ұштастыруға, сондай-ақ мұнай-газ саласына деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.


Реакция:
Серiктестер