2025 жылғы 20-23 мамыр аралығында «Каспий Құбыр Консорциумы» (КҚК) ұйымдастырылған жоспарлы тоқтау кезеңінде «Теңіз – Новороссийск» магистральдық мұнай құбырында оның сенімді әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету мақсатында орындалған кешенді техникалық жұмыстар сәтті аяқталды.
Аталған жұмыстар Қазақстан Республикасының аумағында «Каспий Құбыр Консорциумы-Қазақстан» АҚ (КҚК-Қ) тарапынан ұйымдастырылып, оған «ҚазТрансОйл» АҚ-тың Атырау және Құлсары мұнай құбырлары басқармаларының, сондай-ақ Батыс операторлық қызметтер көрсету басқармасының жұмыскерлері тартылды. Жалпы алғанда, жұмыстарға «ҚазТрансОйл» АҚ-тың 172 жұмыскері мен 41 бірлік автокөлік техникасы жұмылдырылды.
Барлық жұмыстар бекітілген жоспарларға сәйкес, өнеркәсіптік және өрт қауіпсіздігі талаптары мен қоршаған ортаны қорғау стандарттарын қатаң сақтай отырып жүргізілді.
2018 жылдан бері «ҚазТрансОйл» АҚ Қазақстан Республикасының аумағындағы КҚК мұнай құбыры жүйесі объектілеріне техникалық қызмет көрсету қызметтерін көрсетіп келеді.